Каспий жағалауынан сексенге жуық итбалықтың өлексесі табылды

26 сәуір 2024 13:47 / Новости Казахстана

Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы Каспий теңізі жағалауына мониторинг жүргізу барысында 12 итбалықтың өлексесі табылды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Теңіз жануарларының қырылғанын 25 сәуір күні облыстық балық инспекциясы басқармасының Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері анықтады, - деп жазады Kazinform агенттігі. 

«Оқиға туралы жұмыс тобына кіретін жергілікті атқарушы органдар, мамандандырылған ғылыми ұйымдар, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы, Гидробиология және экология институты, қазақстандық Қолданбалы Экология агенттігі, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы, облыстың ветеринариялық қызметі, Экология және полиция департаменттері, Табиғат қорғау прокуратурасы жедел түрде хабардар етілді. Инспекция мен жергілікті атқарушы органдардың, Гидробиология және экология институтының өкілдерінен тұратын жұмыс тобы итбалықтар анықталған орнынға шықты», - деді балық шаруашығы комитетінің өкілдері.

Сонымен қатар 23-24 сәуір күндері инспекция теңіз жағалауына мониторинг жүргізу кезінде 67 итбалық өлекселері тапқан. Алайда олардың өлексесі шіри бастағаны белгілі болды.

«Итбалықтардың өлекселері шіріген күйде болды. Жануарлар қыс мезгілінде қырылған болуы мүмкін және осы уақыт ішінде өліктер суда қалқып жүрген деген болжамға негіз бар. Итбалық ұшалары 23 сәуірден бастап батыстан соққан қатты желдің салдарынан жағаға шығып қалған. Гидробиология және экология институтының қызметкерлері сынамаларды алуға болатын бірнеше өлекседен тиісті зерттеулер жүргізу үшін ішкі ағзалардың тіндерін, сондай-ақ азу тістерін ішінара іріктеп алды», - деді балық шаруашығы комитеті.

Қазіргі уақытта Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Каспий теңізінің жағалау аймағының мониторинг жұмыстарын жалғастырып жатыр.

 

Серіктес жаңалықтары