Аймағамбетов мұғалімдердің шалғай өңірге неге бармайтынын түсіндірді

16 қараша 2026 18:35 / Новости Казахстана

Құрылтайда өткен Үкімет сағатында балалардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жан-жақты дамуына жағдай жасау мәселесі қаралып жатыр, деп хабарлайды Arbat.Media.

Отырыста депутат Асхат Аймағамбетов мектеп психологтары мен арнайы педагогтардың жұмыс жүктемесі шамадан тыс екенін айтып, олардың жалақысын көтеру қажеттігін мәлімдеді.

Депутаттың сөзінше, еліміздің барлық өңірінде балалардың құқықтарын қорғау басқармаларының ашылуы – маңызды жетістік. Алайда қорғаншылық мамандары, психологтар, әлеуметтік және арнайы педагогтар әлі де жетіспейді.

Аймағамбетов маман тапшылығының басты себептерінің бірі – төмен жалақы екенін атап өтті. Оның айтуынша, жұмыс көлемі артқанымен, еңбекақы соған сай өспеген. Әсіресе шалғай өңірлерге білікті мамандарды тарту үшін лайықты жалақы мен қосымша үстемақы қарастыру қажет.

«Психологтар мен арнайы педагогтардың жалақысы төмен, ал жүктемесі артып келеді. Лайықты жалақы мен үстемақы болмаса, әсіресе шалғай өңірлерге маман тарту өте қиын. Сол себепті осы мәселені шешу керек», - деді Аймағамбетов.

Серіктес жаңалықтары