Киік ату тоқтатылды

16 ақпан 2024 12:34 / Новости Казахстана

Бұл жаңалықты жарықтық киіктер де естіп үлгерген бе дерсіз. Ақпанның 10-ы күні киіктерді ату тоқтатылды деген ақпарат шықты. Ал Астрахан ауданына қарасты Қалқұтан елдімекенінің тұрғындары ауыл маңына ақбөкендер келе бастағанын айтады. Бұл 11 ақпан күніне сәйкес келеді. Біз де көрдік. Аяз бен бораннан ыққан жануарлар тал-теректі паналап, қаннен-қаперсіз жайылып жүр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

Елімізде санының өсуіне байланысты киіктер реттеуге жататын жануарлар тізіміне енгізіл­ді. Бұл тізімге қасқырлар, шибөрілер, қарғалар, үлкен корморанттар, жыланбас балықтар кіреді. Тізімдегі жануарлардың саны адам денсаулығын сақтау, ауыл шаруашылы­ғын қорғау, қоршаған ортаға зиян келтір­меу мақсатында реттеледі. Бұйрық 2023 жылғы 6 қазаннан бастап қолданысқа енді. Сөйтіп, елімізде киіктерді «реттеу» басталды. Реттеудің реңі бұзылып бара жатқанын байқады ма, тіпті Парламенттегі ақ жағалылар да айқай салды: «Охотзоопром» қызметкерлері буаз киікті атпасын, табиғат заңын сақтасын» деп. О заман да, бұ заман буаз аңды қазақ атпаған. «Құланның ажалы» романында аңшы буаз киікті атқан, бірақ арты жақ­сылыққа апармағанын меңзеп еді...

Қош, сонымен депутаттардың сөзіне сала министрлігі құлақ асты ма, бұл науқан уақытша тоқтайтын болды. Бұған қатысты Орталық коммуникация­лар қыз­меті бас­пасөз жиынында біраз мәселе айтылды. Брифингке Эко­логия және табиғи ресурс­тар минис­трлігінің Орман шаруа­шылығы және жануарлар дү­ниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Тұр­ғамбаев, «Охотзоопром» ӨБ» республикалық мем­лекеттік қазыналық кәсіпорнының бас директоры Марлен Айнабеков, «Та­­биғат» аңшылар мен аң­шылық ша­руашылығы субъек­тілері қоғамдық бірлес­тік­тері­нің республикалық қауым­­дастығының президенті Қа­жым Жұ­малиев қатысып, БАҚ өкілдерінің сұ­рақтарына жауап берді.

«Киік ресурстарын кәсіп­шілік игеру тетіктерін анықтау үшін шектеулі реттеуді «Охот­зоопром ӨБ» мамандарымен эксперименттік негізде жүр­гізу ұсы­нылады. Барлық реттеу кезеңінде табиғаттан алынған киіктердің жалпы саны 42 мың басты құрады. Бүгінде ғы­­лыми қоғамдастықтың, ха­лықаралық сарапшылардың ұсыныстарын және қолайсыз ауа райы жағ­дайларын ескере отырып, министр­лік осы жылдың 10 ақ­панынан бастап киіктердің санын реттеу бойынша жұмыстарды тоқтату туралы шешім қабылдады», дейді Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі.

Сонымен қатар киікті реттеу бойын­ша жұмыстың басталуы киік ресурс­тарын тұрақты пай­далануға ауқымды ғылыми зерттеулерге серпін бергенін, осы­лайша 2024-2026 жылдары киік популяциясын тұрақты пайдалану жүйесін әзірлеу бойынша жұмыс жоспарланып жатқанын айтты.

Спикерлердің айтуынша, киік аулау уақытша тоқтатылды. Оған қо­лайсыз ауа райы себеп болып отыр. Алайда бұл жұмыстар ал­дағы уақытта қайта жал­ғасады.

«Ғалымдардың есебі бойын­ша ел аума­ғында киіктердің оп­тималдық популяциясы – 800-900 мыңға дейін. Одан асса, ең алдымен, бір-бірімен бәсекелес болып, эпизотиялық аурудың жұ­ғуы күшейіп, популяцияның бәрін жо­ғалтып алу қаупі зор. Екінші­ден, киік­тер ауыл шаруа­шы­­лы­ғына да ора­сан зиян тигізді. Бұл ретте шаруа­шылықты да ұмыт­пауымыз керек», дейді Д.Тұрғамбаев.

Киіктер популяциясына қа­тысты мә­селе Орал өңірінде қат­ты күйіп тұрған. Жиында Орал және Бет­пақдала популяцияларында қан­ша киік ауланғаны туралы да айтылды.

«Орал және Бетпақдала по­пуляция­ларындағы киік саны­ның айтарлықтай көбеюін, сондай-ақ Қазақстандағы киікті аулаудың тарихи тәжірибесін ескере отырып, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ғалымдарымен әзірлеген киіктер популяциясын басқару жөніндегі биологиялық негіз­демесіне сәйкес, 2023 жылы Орал по­пуляциясының төл­деу ал­дындағы 20%-ына дейін, яғни 1 млн 130 мың бастан 226 мың бас және Бет­пақ­дала по­пуляциясының төл­деу ал­дын­дағы 15%-ына дейін – 745 300 бастан 111 795 бас аулау қа­растырылды», деді М.Айнабеков.

Бұған дейін киіктерді әуесқой аң­шылардың аулауына рұқсат беру мә­селесі де айтылып келген еді. Бұған қатысты сұрақтарға да спикерлер жауап берді.

«Министрлік жергілікті ха­лықтың өз қажеттіліктері үшін жиналған өнімді жеке тұтынуын қанағаттандыру мақ­сатында 2024 жылдан бастап киікті аулауда әуесқой аңшылыққа рұқсат беру қарастырылып жатыр. Айта кету керек, әуесқой аңшылық сала­сын­дағы қол­даныстағы бес норма­тивтік-құқық­тық актілерге тиісті өзгерістер мүдделі мем­ле­кеттік ор­гандар, қоғамдық ұй­ым­­дар тарапынан талқыланып, қабыл­данады», дейді министрлік өкілі.

Жиын барысында киік атудың келесі кезеңі қашан басталатынын сұраған БАҚ өкілдеріне: «Бұл туралы биологиялық негіздеме жазылады. Негіздемені ғы­лыми мекемелер жасайды. Сол кезде мерзімі, мезгілі анықталады. Биыл мау­сым-шілде айларына дейін негіздеме дайын болуы керек. Мамыр айында санақ өтеді. Сол санақ қорытындысы бо­йынша дайындалады», деп жауап берді Д.Тұрғамбаев.

 

Серіктес жаңалықтары