Көкшетауда аула ішінде жаяу жүргіншіні қағып өлтірген әйелге сот үкімі шықты
Көкшетау қалалық соты биыл мамыр айында аула ішінде жаяу жүргіншіні қағып өлтіру фактісі бойынша айыпталушы әйелді 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру туралы үкім кесті, деп хабарлайды Arbat.Media.
Сотталушы Қылмыстық кодекстің 345-бабы, 3-бөлігі («Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзу») бойынша кінәлі деп танылды. Алайда сотталған азаматшаның асырауында екі кішкентай баласының болуына байланысты, сот жазаны өтеу мерзімін 3 жылға кейінге шегеру туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Сот отырысы барысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындады. Ол күйеуінің денсаулығы кенеттен нашарлағандықтан, оның рұқсатымен ешқандай жүргізуші куәлігінсіз және автомектепте оқымастан рульге отырғанын түсіндірді. Жәбірленуші тарап материалдық және моралдық шығынның толық өтелгенін алға тартып, соттан әйелді бас бостандығынан айырмауды сұрағанымен, аталған бап бойынша баламалы жеңіл жаза түрі қарастырылмаған. Сот үкім кесу барысында айыпталушының шын өкінуін, жас балаларының бар екенін және бұрын әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын ескерді.