Көшпенділер ойындары: 44 алтын, 33 күміс, 37 қола. Жарыс тізгіні Қырғызстанға табысталды
Төрткүл дүниенің назарын аударған Дүниежүзі көшпенділерінің ойындары мәресіне жетті. Байрақты бәсеке Қазақстанға олжалы болды. Жарыс нәтижесінде ел құрамасы 44 алтын, 33 күміс, 37 қола жүлдемен командалық есепте бірінші орынды иеленді. Соңғы жарыс күні несімен есте қалды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы КТК телеарнасы жазады.
Бұл күндері саятшылықты жаны сүйетін көрерменнің бәрін этноауылдан табасыз. Халқымыздың сүйікті төл өнеріне бірқатар мемлекет аса қызуғып отыр. «Ұлы дала дүбірі» ұранымен өтіп жатқан Көшпенділер ойындарына құсбегілік спорт түрі бойынша он мемлекеттен 42 спортшы қатысты. Үш санатта 18 бүркіт, 12 қаршыға және 12 ителгі сайысқа түсті. Биыл жарыстың деңгейі өсіп, географиясы біршама кеңейді. Дүбірлі доданың бәсін жоғары көтеруге арысы Испания мен Канада берісі Түркия елінің құсбегілері арнайы келді.
Мұтлы Қызылбұға, Түркия құсбегілері құрамасының мүшесі:
— Бәрі жақсы болды. Ойының бәрі жақсы. Құсбегілік жарысы жақсы. Екінші отанымыз. Қазақтарды жақсы көреміз. Бірінші орынды достық алады. Халық достығы алады. Бұл алтын, күміс мухим емес. Достық мухим.
Кешелі-бері құсбегіліктен өтіп жатқан сайысқа көрермен тарапынан қызығушылық жоғары. Әсіресе қатысушыларға қолдау көрсеткендердің қатарында шетел азаматтары көп. Бұл көшпелі дәстүрдің көне түрін жаңғырту әлем деңгейінде дұрыс жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Шандор Вегх, шетел мейманы:
— Қазақстан бірден ұнады. Бұл елге алғаш келіп отырмын. Астана сән-салтанаты жарасқан әдемі қала екен. Ал жарыс тіпті тамсандырып отыр. Әсіресе бүркіттер сайысы ерекше әсер қалдырды. Құсбегілік біздің елде де дамыса керемет болар еді.
Шетел фотографтарының құсбегілерді түсіруге ынта-ықыласы өте жоғары екенін аңғардық. Бұл күндері әлемнің әр түкпірінен келген елдер саятшы сайысына жоғары баға беріп, құсбегілер федерациясымен бірлескен меморандумға қол қоюға ұсыныс тастап жатқан көрінеді.
Берік Уәли, Құсбегілер федерациясының президенті:
— Осы құсбегілер федерациясымен бірлескен меморандумға қол қояйық дедік. Катардан келген біраз құсбегілер — шейхтар келді. Испаниядан өкілдер келіп, меморандумға отырайық деп өтініш білдіріп жатыр. Грузия, Ресейден, Венгриядан келгеннің бәрі бірлескен меморандумға отырып, осы спортты дамытуға ат салысайық деп өтініш білдіруде. Біздің қазақтың төл өнеріне, қиқулаған даусымызға қызығып, суретке түсіріп, разы болып, қош көріп жатыр.
Екі күн қатарынан қырағылығы сыналған тартысты додада ұлттық құрама спортшылары 2 алтын, 1 күміс, 3 қола медаль алды. Жеңімпаздарға федерация басшылығынан арнайы сыйлықтар беріліп, жеке компаниялар ақшалай сыйлық ұсынды. Демеушілер тарапынан «Бүркіт салу» санатында чемпион атанған Серікбек Күнтуғанға және күміс жүлдегер Ерзат Байқадамовқа темір тұлпар табысталды.
Серікбек Күнтуған, бүркітші:
— Кұсбегілерге жақсы демеу жасалды. Әкемнің әкелері бүркітпен айналысқан. Көзімді ашқалы бүркіттің қасында өстім. Қазір өзім де балаларымды осыған үйретіп жатырмын. Еңбегім ақталды. Бұл алғашқы жеңісім емес. Азияны, Қазақстан чемпионатын алғанмын. 2018 жылы Қырғызстанда көшпенділер жарысында Қазақстанның намысын қорғап, үшінші орын алып қайтқанмын.
«Қазанат» ипподромында бәйге өтіп, Қазақстан 18 жүлдеге ие болды.
Жалпы таласқа толы соңғы жарыс күнінде ұлттық құрама спортшылары 11 алтын, 9 күміс, 9 қола жүлде жеңіп алды.
Сонымен қатар этноауылда дүбірлі доданың жабылу салтанаты өтіп, жарыс тізгіні Қырғызстанға табысталды.