Майқайыңдағы шахтаға құлаған автобус: 7 адам кінәлі деп танылды

27 қаңтар 2024 14:00 / Новости Казахстана

Майқайың алтын шахтасындағы автобус апатына қатысты комиссия тергеу нәтижесін жариялады, - деп хабарлайды Arbat.media.

4 қаңтар күні Павлодар облысындағы Майқайың кеніші маңында құтқарушылар мінген автобус 150 метр тереңдіктегі шұңқырға түсіп кеткені туралы жазған едік.

Тергеу нәтижесі бойынша қайғылы оқиғаға жеті адам жауапты деп танылған. Олар тау-кен жұмыстарының қауіпсіздігіне бас қатырмай, өндірісті бақыламаған.

Арнайы комиссия құрамына сараптау жүргізетін төрт бірдей мекеме өкілдері кірген. Ресейден де мамандар шақырылған. Олар "Майқайың-алтын" акционерлік қоғамы басшыларының осыншама жаупсыздыққа жол бергеніне таң қалып отыр. Өндірісте қадағалау қашан жүргізілгені беймәлім. Кен өндіргеннен кейін жер астында бос қалған аумақты толтырмай, сол күйі тастап кетіп отырған. Ақыры сол ойыққа автобус құлап, ішінде болған екі адамның денесін де, көлікті де үш аптадан бері шығара алмай отыр.

Ойықтың тереңдігі 150 метрдей. Құтқарушылар бұрын-соңды мұндай апат әлемдік тәжірбиеде болмағанын айтады. Сондықтан жер тағы ойылып кете ме деген қауіппен құтқару жұмыстары осыншама уақытқа созылып келеді.

- Тергеу нәтижесінде акті құрылып, кәсіпорынға жиырма іс шара жоспары берілді. Тергеуде барлық қажет құжат алынды, қаралды. Ннәтижесінде кәсіпорын жұмысты бақылап, дұрыс жүргізбегені анықталды, – деді Павлодар облысы өнеркәсіп қауіпсіздігі департаментінің басшысы Данияр Андасов.

 

Серіктес жаңалықтары