Мумбай, Токио, Сингапур, Шанхай, Нью-Йоркке авиарейстер ашылады

19 желтоқсан 2023 16:41 / Новости Казахстана

2024-2025 жылдары Мумбай, Токио, Сингапур, Шанхай және Нью-Йорк қалаларына авиарейстер ашылады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев айтты.

«Ішкі авиатасымалдауды 5 қазақстандық тасымалдаушы жүзеге асырады. Аптасына 644 рейс орындалады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға артық. Ұшу қолжетімділігін қамтамасыз ету және ішкі туризмді дамыту мақсатында авиамаршруттарды субсидиялау механизмдері қолданылады. Биыл халықты қолжетімді әуе тасымалдарымен қамтамасыз ету үшін 9 облыста 23 авиамаршрутты субсидиялауға республикалық бюджеттен 6 млрд 900 млн теңге бөлінді. Келесі жылы бұл қаражат тағы да ұлғайып, 8 млрд 200 млн теңгеге жетіп отыр», - деді ол.

Министрдің дерегінше, қазіргі уақытта 28 елмен 110 бағытта рейстер орындалады. Соңғы екі жылда Милан, Доха, Абу-Даби, Эль-Кувейт және басқа да қалаларға 32 халықаралық авиамаршрут ашылды.

«Алдағы 2024-2025 жылдары Мумбай, Токио, Сингапур, Шанхай және Нью-Йорк қалаларына рейстер ашылатын болады. Осы жылы Қазақстанға ұшуға 6 шетелдік авиакомпанияға рұқсат берілді. Оған қоса, «ашық аспан» режиміне түзетулер енгізіліп, «әуе еркіндігінің» бесінші дәрежесін пайдалануға барлық шектеулер алынып тасталды. Нәтижесінде, 2024 жылғы 14 наурыздан бастап Азиялық ірі лоу-кост «Air Asia» компаниясы Алматы – Куала-Лумпур бағытында рейстерді орындауға кіріседі және «ашық аспан» режимін қолдана отырып, Алматыдан әрі қарай Джидда қаласына рейстерді орындайтын болады. Бұның барлығы нарықта бәсекелестікті күшейтеді және билеттердің қолжетілімдігін арттырады», - деді Марат Қарабаев.

Серіктес жаңалықтары