Нүкенованың өлімін жасырған Бишімбаевтың інісі бостандыққа шығуы мүмкін
Салтанат Нүкенованың өлімін жасырғаны үшін сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов рақымшылықты пайдаланып бостандыққа шығуы мүмкін, деп хабарлайды Arbat.Media.
Бұл туралы мәжіліс депутаты Абзал Құспан айтты. Айта кетейік, Конституцияның 30 жылдығына байланысты 15 мың адамға рақымшылық жасалады.
«Егер қылмыстық іс адамның жеке басына қарсы жасалып, салдары адам өліміне әкелсе, ондай жағдайларда рақымшылық актісі қолданылмайды. Ал егер адамның әрекеті тікелей адам өліміне байланысты болмаса, онда, әрине, рақымшылық актісі қолданылады. Бишімбаевтың ісінде адам өлімі бар. Сондықтан оған рақымшылық қолданылмайды», – деді депутат.
Ал Бақытжан Байжанов сотталған «қылмысты жасыру» бабы рақымшылық қолданылмайтын қылмыстар тізіміне кірмейді. Сондықтан оған рақымшылық қолданылуы мүмкін.
«Қылмыс туралы хабарламау 4-бапта көрсетілмеген. Сондықтан ондай істерге рақымшылық қолданылуы керек. Егер ауыр немесе аса ауыр қылмыс түріне жататын болса, онда олар толық босатылмайды, бірақ жазаның мерзімі қысқартылады», - деді Абзал Құспан.
Айта кетейік, 2024 жылдың 13 мамырында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Б.Байжановқа қатысты сот үкімі шықты. Байжанов қылмысты жасырғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылған.