Оқушылардың 64% қазақ тілінде оқыған мәтінді түсінбейді

8 қараша 2023 1:01 / Новости Казахстана

Тіл саясатын дамытудың 6 жылдық тұжырымдамасы бекітілді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Kazinform жариялаған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлымен сұхбатын ұсынамыз.

Атқарылған жұмыстар

- Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы – үлкен ұйым, еліміздің барлық аймағында 135 өкілдігі бар. Ірі кәсіпорындарда бастауыш ұйымдарымыз жұмыс істейді. Көп аймақты аралап, ұйым мүшелерімен кездесу өткіздік. . Кездесулер негізінде алдағы жұмыс жоспары мен көп тың ұсыныстар дайындалды. Сол негізде жұмыс жоспарының басты үш бағытын анықтадық. Алғашқысы – қазақ тіліндегі мазмұнды арттыру. Балалардың қазақша сөйлеуіне қажет құралдардан бастап, әр адамның тұлға және маман ретінде қалыптасуына керек мазмұн қорын көбейтуге бағытталған шаралар кешенін дайындадық. Әлемнің таңдаулы анимация жауһарлары, балалар әдебиеті, іскерлік әдебиет, ғылыми-танымдық әдебиет, академиялық оқулықтар бағыты бойынша ауқымды әрі тұрақты жұмыс қажет.

Келесі бағыт – қазақ тілін оқытудағы білім беру жүйесіне қолдау көрсету. Оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқыту әдістемесі мен құралдарын жетілдіру қажет.

Үшінші бағыт – технологиялар мен қазіргі IT саладағы жетістіктерді тілді дамыту үшін және қазақ тілінде сөйлейтін ортаны қолдау үшін тиімді қолдану.

Осы бағыттардың әрқайсысы бойынша жасалатын жобалар мен іске асатын шаралар кешені дайындалды.

Латын әліпбиі туралы

Жазу реформасы – аса күрделі шаруа. Әлем елдеріндегі осындай реформалар зерттеліп, қаралып жатыр. Ел ішінде де әліпби реформасына қатысты түрлі ұстанымдар бар. Тілшілер, қоғам өкілдері түрлі пікір айтып жатыр. Ол түсінікті де. Заңды құбылыс. Тіл реформасына, әліпбиді өзгертуге барлық азаматтың қатысы бар, қоғамдық пікір ескерілуі тиіс. Қазір әліпбидің оңтайлы, қолданушыға ыңғайлы, ең қолайлы нұсқасын алып шығу, жасақтау процесі жүріп жатыр. Барлығының көңілінен 100% шығатын алфавит құрастыру мүмкін емес деуге болады. Әр нұсқаның өз артықшылығы мен кем тұсы болуы мүмкін. «Қай дыбысты қандай таңбамен береміз?» деген сұраққа келген кезде лингвистика ғылымында да түрлі бағыт бар. «Диграф» деген ұғым бар. Яғни, кейбір дыбыстарды екі таңбамен беруге болады. Ол ағылшын тілінде көп кездеседі. Не болмаса, диакритикалық белгілерді қолдану бар. Жалғыз белгі, бірақ оның қосымша ерекшеліктері бар. Ол ерекшеліктерді пайдаланудың өз ережесі болады. Латын әліпбиіне негізделген қазақ әліпбиін құрастыру барысында қай технологияны пайдаланамыз, қайсысы бізге тіл ерекшелігі тұрғысынан ыңғайлы әрі ықшам болады? Сондай-ақ, ұзақ жылдар бойы кирилл әліпбиінен бізге сіңген түрлі дыбыстар бар. Олардың қайсысын қалдырамыз, қайсысы алынады? Осы бағытта көп талқы жүріп жатыр.

- Меніңше, қазіргі талқыланып жатқан нұсқа алдыңғыларына қарағанда анық көш ілгері. Президентпен кездесуде бұл мәселелер де талқыланды. Мемлекет басшысы бұл тақырыпқа қатысты мамандармен жиі кездесіп жүр. Президенттің латын әліпбиіне қатысты азамат ретінде де, көп тіл білетін маман ретінде де өз ұстанымы, жеке пікірі бар. Мұқият қарап, терең зерттеп, әсіресе, осы реформаға келген кезде көпшіліктің көңілінен шығатын және ертең еркін қабылданатын әліпбидің нұсқасын жасау – өте маңызды. Сондықтан бұл төңіректегі мәселелердің маңызы төмендеді деуге болмайды. Түрлі мамандардан құралған тиісті ортада жұмыс қызу жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары