Өртенген полицейдің әріптесі оқиғаның қалай болғанын айтып берді

30 маусым 2026 13:33 / Новости Казахстана

Алматы облысы Кеген ауданының таулы аймағында денесі өртенген күйде табылған 37 жастағы аға жедел уәкіл Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты тергеу жүріп жатқан тұста, марқұмның бұрынғы әріптесі отбасындағы жағдай мен қайғылы оқиғаның себептері туралы айтты, деп хабарлайды Arbat.Media.

Осыдан екі жыл бұрын Әлсеровтер отбасы «Қайырлы таң Қазақстан» бағдарламасына қатысып, көпшілікке полиция қызметкерлері арасындағы үлгілі жанұя ретінде таныстырылған болатын.

Ерлі-зайыпты телеарна эфирінде жеті баласымен бірге танысу тарихын, отбасы құндылықтарын және бала тәрбиесіндегі ұстанымдарын ашық бөліскен еді. Бағдарламада Аслан Әлсеров 2008 жылы Алматы қаласының патрульдік полиция қызметінен еңбек жолын бастағанын, ал болашақ жары Арайлыммен қызмет барысында танысып, екеуін осы сала табыстырғанын айтқан. Өз кезегінде жұбайы Арайлым Әлсерова Асланды батылдығы мен сабырлы мінезі үшін таңдағанын жеткізген.

«Маған бәрі бойы ұзын, сымбатты жігітті таңдадың дейтін, негізі өзі өте салмақты болатын, өзім де сондай мінезді адамдарды ұнатамын», – деді Арайлым Әлсерова сол эфир барысында.

Бағдарламада олардың спортты өмір салтына айналдырған отбасы екені де көрсетіліп, Аслан грек-рим күресімен айналысатынын айтса, Арайлым өзін джиу-джитсудан Қазақстанның алты дүркін чемпионы ретінде таныстырған. Ерлі-зайыпты жеті бала тәрбиелеп отырғанын айтып, ұлдарының джиу-джитсу, дзюдо және самбодан әлем чемпиондары екенін, ал қыздарының спорт пен шығармашылыққа жақын екенін мақтанышпен жеткізген болатын.

Бағдарламада сөз сөйлеген үлкен қыздары әкесін "кішкене қаталдау", ал анасын "өте сыпайы, бәрімізге жақсы қарайтын жан" деп сипаттаған.

Жұмыс барысында әріптестері Аслан Әлсеровті сабырлы, күйзелісті жағдайда өзін жоғалтпайтын білікті қызметкер деп сипаттаса, Арайлым Әлсерованы жас мамандарға бағыт-бағдар беретін тәжірибелі әріптес ретінде бағалаған. Алайда арада небәрі екі жыл өткенде сырт көзге үлгілі болып көрінген осы отбасының тағдыры күтпеген жерден қайғылы арнаға бұрылып, Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Аслан Әлсеровтің күйіп кеткен мәйіті Алматы облысы Кеген ауданындағы таулы аймақтан табылды.

Тергеу нұсқасы бойынша қылмыс Алматы қаласында жасалған, ал күдікке марқұмның жұбайы, кәмелетке толмаған ұлы және тағы бірнеше адам ілінген. Кейін кәмелетке толмаған күдіктілерге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, ал қорғаушылар олардың ұзақ жылдар бойы отбасындағы жүйелі зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары