Павлодар облысында үш әкімге сөгіс жарияланды
Тереңкөл, Павлодар аудандары мен Ақсу қаласының басшылары қарды уақтылы шығару және су тасқынына қарсы дайындық жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізбеген. Қазір аймақта 21 қауіпті учаске бақылауға алынды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
«Облыста 14 қауіпті учаске бақылауға алынып, онда 133 адам, 51 бірлік арнайы техника, 35 мотопомпа жұмылдырылды. Павлодар мен Тереңкөл аудандарының, сондай-ақ Ақсу қаласы әкімдерінің жұмысын қанағаттанарлықсыз деп санаймын. Су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізудегі бақылаудың әлсіздігі үшін оларға қатаң сөгіс жарияланды. Менің тапсырмам бойынша барлық су тасқынына қарсы іс-шара қазіргі жағдай туралы сағат сайын берілетін есеп тәуліктік режимге ауыстырылды және менің жеке бақылауымда болады», - деп мәлімдеді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта Павлодар, Май, Успен, Павлодар, Шарбақты, Ақтоғай, Ертіс аудандары мен Ақсу қаласының жекелеген елді мекендері бойынша 21 учаске айрықша бақылауға алынған. Бірқатар елді мекенде үй аулаларын, шаруашылық ғимараттарын су басқаны туралы ақпарат түскен. Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметкерлері су жыру, суды сору жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Бұған қоса автомобиль жолдарының 6 учаскесі бақылауда тұр. Өткен тәулікте елді мекендерден 420 тонна қар шығарылса, қауіпті учаскелерден 30 мың текше метр су сорылған. ТЖД қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдар елді мекендерге тәулік бойы мониторинг жүргізіп отыр. Оған дрондар да қосылған.