Павлодарлық кәсіпкерді жауыздықпен өлтірген серігі Ресейден табылды
Бас прокуратураның қызметкерлері павлодарлық кәсіпкерді өлтірді деген күдікпен Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады, деп хабарлайды Arbat.Media.
Құзырлы органның мәліметінше, биыл 21 ақпанда жәбірленуші жұмысқа кетіп, кейін байланысқа шығуын тоқтатқан, осыған байланысты ол хабар-ошарсыз жоғалған деп танылған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында сол күні кәсіпкердің Павлодарда күдіктімен оның тұрғын үйінің ауласында кездескені анықталған.
"Қаржылық келіспеушіліктерге байланысты олардың арасында жанжал туындап, қаскүнем жәбірленушінің кеудесі мен бетіне 22 рет пышақ сұққан. Жәбірленуші сол жерде алған жарақаттарынан көз жұмған.
Қылмыстың ізін жасыру мақсатында күдікті марқұмның денесін және оның автокөлігін гаражына жасырып, кейін Қазақстаннан шығып, шетелге қашып кеткен.
Осы жылдың наурыз айында ол Ресей Федерациясының аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша еліне экстрадицияланды", - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалған. Мұндай қылмыс үшін 8 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.