Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің 2025 жылды қорытындылауға арналған Алқа отырысы өтті
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен 2025 жылдың қорытындысы бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Алқа отырысы өтті, деп хабарлайды Arbat.Media.
Шараға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Үкімет Аппаратының, мемлекеттік органдардың, өңірлер әкімдіктерінің, ұлттық компаниялардың өкілдері, сондай-ақ Қоғамдық кеңес мүшелері мен ведомствоға қарасты ұйымдардың өкілдері қатысты.
Отырыс барысында Министрліктің 2025 жылғы қызметінің қорытындылары және алдағы кезеңге арналған жоспарлары қаралды.
Алқа отырысын ашқан Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында және Үкіметтің кеңейтілген отырысында Министрлік алдына бірқатар нақты міндеттер қойылғанын атап өтті.
«2025 жылдың қорытындылары өнеркәсіп пен құрылыс саласының жаңа даму кезеңіне қадам басқанын дәлелдейді. Өндірістің өсуі, тұрғын үйдің рекордтық көлемде пайдалануға берілуі, жаңа инвестициялық жобалар және жер қойнауын пайдалану саласындағы реформалар – бұл әрі қарай сапалы серпіліс жасауға негіз болатын берік іргетас», — деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.
Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім
Өнеркәсіп және құрылыс министрінің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің өсімі 6,4%-ға жетті.
Оң динамика металлургия (1,2%-ға), машина жасау (12,9%-ға), химия өнеркәсібі (9,8%-ға), құрылыс материалдары өндірісі (9,7%-ға), резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісі (7,6%-ға) және басқа да салалардағы өсім есебінен қамтамасыз етілді.
Жалпы сомасы шамамен 1,5 трлн теңгені құрайтын 190 жоба пайдалануға беріліп, 22 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.
Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі іске қосылып, жүйеде 800-ден астам компания тіркелді.
Үш жаңа арнайы экономикалық аймақ («Ақтөбе», «Атырау» және «Қорқыт Ата» АЭА) құрылып, ірі жобалар бойынша 13 инвестициялық келісімге қол қойылды.
Құрылыстағы рекордтық көрсеткіштер
Ерсайын Нағаспаев атап өткендей, құрылыс саласында да оң нәтижелерге қол жеткізілді.
Жоспарланған 19,2 млн шаршы метрдің орнына 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 185 мыңнан астам тұрғын үйді құрайды (НКИ – 105,1%). Бұл көрсеткіш алдыңғы кезең деңгейінен асып, жаңа рекорд орнатылды.
Сондай-ақ саланың тұрақты дамуына негіз болатын жаңа Құрылыс кодексі қабылданды.
Жер қойнауын пайдалану саласындағы реформалар
Өнеркәсіп және құрылыс министрінің ақпаратына сәйкес, жер қойнауын пайдалану саласын реттейтін Жер қойнауы туралы кодекске өзгерістер енгізілді. Құжат аясында елдің минералдық-шикізат базасын толықтыруға және орнықты дамытуға бағытталған заңнамалық және институционалдық реформалар іске асырылды.
Мемлекеттік есепке Көк-Жон, Алтын-Шоқы, Самомбет, Студенттік және Тақыр-Қалжырды қоса алғанда 17 жаңа кен орны қабылданды.
Ағымдағы жылы жаңа буынның 1:50 000 масштабтағы егжей-тегжейлі карталарын жасау шеңберінде ел аумағының 100 мың шаршы шақырымы зерттеледі, кейіннен бұл көлем жыл сайын 30 мың шаршы шақырымға ұлғайтылатын болады. Картаға түсіру жұмыстарын жүргізуге қойылатын жаңа талаптар бекітіліп, 20 жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.
Цифрландыру
Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы жұмыс істейді. Онда 22 мемлекеттік қызмет қолжетімді, электрондық аукциондар және қол қою бонусын онлайн төлеу жүйесі іске асырылған. Жалпы 700-ден астам лицензия берілген. Шамамен 4,6 млн геологиялық есеп цифрландырылды.