Президент: Қазақстан Қытайдың жаһандық бастамасын толығымен құптайды
Мемлекет басшысы Қытайдың жаһандық бастамасы жөніндегі жоғары деңгейдегі кеңеске қатысты, деп хабарлайды Arbat.Media.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Орнықты даму мақсаттарына жетуге бағытталған Жаһандық даму және Жаһандық басқару бастамаларын қолдайтынын айтты.
Ол бұл бастамалардың халықаралық құқықты, көпжақты ынтымақтастықты нығайтып, цифрлық технология мен жасанды интеллектке әділ қол жеткізуге жол ашатынын атап өтті.
– Біз ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің көреген басшылығы мен анағұрлым әділ, инклюзивті әрі тиімді халықаралық ынтымақтастық орнатуға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалаймыз. Осы орайда Қазақстан геосаяси және экономикалық сын-қатерлерге жауап беретін Қытайдың жаһандық бастамасын толығымен құптайды, – деді Президент.
Сондай-ақ, Қытай ұсынған Жасанды интеллект ұйымын құру идеясын қолдайтынын айтты.