Президент «ҚазМұнайГаз» төрағасының есебін тыңдады

13 ақпан 2026 19:34 / Новости Казахстана

Мемлекет басшысы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдады, деп хабарлайды Arbat.Media.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның 2025 жылы атқарған жұмысы мен биылғы міндеттері жөнінде мәлімет берілді.

Асхат Хасеновтің айтуынша, былтыр Қытайдың CNOOC және Sinopec компанияларымен Атырау облысындағы Жылыой және Батыс Қазақстан облысындағы Березовский жобалары бойынша жер қойнауын пайдалану келісімшарттары жасалды. Turkish Petroleum Corporation, BP, Хорват көмірсутегі агенттігі секілді ірі халықаралық кәсіпорындар еліміздегі перспективті учаскелерді зерттеуде.

Президентке «ҚазМұнайГаз» компаниясы бұған дейін кең көлемде зерттелмеген және жіті көңіл бөлінбеген аумақтарда геологиялық барлау жүргізуге ерекше ден қойғаны жөнінде баяндалды. 2025 жылы 8 іздеу ұңғымасын бұрғылау аяқталды, ал 2029 жылға дейін тағы 24 іздеу ұңғымасын бұрғылау жоспарланған. Жалпы инвестиция көлемі 900 миллион доллардан асады.

Мемлекет басшысына ұсынылған есепке сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұнай мен конденсат өндіру көлемі 26,2 миллион тоннаға жетті. Бұл – 2024 жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары. Бұдан бөлек, көгілдір отын өндіру көлемін жылына қосымша 2,3 миллиард текше метрге ұлғайту үшін Батыс Прорва, Орталық Өріктау және Рожков кен орындарында жұмыс жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары