Қайыңды-Саты жолында көлік апатынан 34 адам зардап шекті
Алматы облысындағы Қайыңды-Саты жолында автобус апатынан 34 адам зардап шеккен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жол апатынан 36 жастағы жолаушы мерт болып, 34 адам зардап шекті. Оның 20-сы әйел,14-і ер адам. Бәріне жедел медициналық көмек көрсетілді .13 жедел жәрдем бригадасы және 1 ТМҚК бригадасы (28 қызметкер және 14 санитариялық автокөлік) жіберілді. Кеген ауруханасында 1, Шелек ауылының аудандық ауруханасына 2, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына 9 науқас емделіп жатыр, жағдайы орташа ауыр», - деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Әкімдіктегілер апаттың мән-жайын зерттеуге бағытталған сараптама тағайындаумен қажет тергеу жүргізіліп жатыр дейді.
Автобус жүргізушісі Кеген ауданы уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Істі облыстық полиция бастығы мен Алматы облысының әкімі бақылауға алды.