Қарағандыда қылмыстық топтың 25 мүшесі ұсталды
Қарағанды облысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері прокуратурамен бірлесіп, қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Polisia.kz жазды.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында осы топтың 12 қылмысқа қатысы бары анықталды. Жәбірленушілер – «Қармет» АҚ қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер және жоғары оқу орындарының студенттері.
Күдіктілер қоғамдық тәртіпті өрескел бұза отырып, қылмыс жасаған. Олар ұрып-соғумен, мүлікті тартып алып, ақша бопсалаумен айналысқан.
– Жалпы топтың 25 мүшесі ұсталды. Оның ішінде ең белсенді 10 адам қамауға алынды. Тінту барысында атыс және суық қару, оқ-дәрі, діни әдебиет пен ірі көлемде қаражат тәркіленді. Қазіргі таңда олардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Басқа ақпарат тергеу мүддесінде жария етілмейді, – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.