Қарағандыда төтенше жағдай жарияланды

15 қазан 2025 19:34 / Новости Казахстана

Қарағандыда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Arbat.Media.

Қарағандыда Федоров су қоймасы аумағында орналасқан №10 кәріз коллекторының бір бөлігіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. "Қарағанды су" ЖШС мәліметінше, №145 пен №169 құдықтарының арасындағы 3,2 шақырым құбыр ауыстырылады.

"Коллектордың бір бөлігі саяжайлар астымен өтеді, дәл осы тұста ақау анықталған. Су басу және апаттың алдын алу үшін саяжай аумағын айналып өтетін жаңа айналма желі салынады. Бұл шешім жеке жер телімдеріне тимей жұмыс істеуге және жүйенің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді", - делінген әкімдік хабарламасында.

Әкімдік мәліметінше, қазір коллектор қалыпты жұмыс істеп тұр. Дегенмен, нөсер жауын мен қар еріген кезде апат қаупі жоғарылайды.

"Жұмыстарды тезірек бастау үшін қалада техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді. Бұл шешім апаттың салдарынан емес, оның алдын алу үшін қабылданған. Арнайы режим арқылы материалдарды жедел сатып алып, құрылыс жұмыстарын ұзақ келісімдерсіз бастауға мүмкіндік туады".

Барлық негізгі жұмыстар мен материалдарды жеткізу жыл аяғына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары