Қазақстан Әзірбайжанға астық экспортын арттырады

26 қазан 2024 10:00 / Новости Казахстана
ФОТО: Depositphotos

Қазақстандық «Ақ Бидай-терминал» АҚ мен Әзірбайжанның ірі холдингі NB Holding бірлескен бақылаудағы «Баку астық терминалы» ЖШС кәсіпорнын одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. «Ақ Бидай-Терминал» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Ерқожаұлы Баку қаласына жұмыс сапары аясында NB Holding басшылығымен кездесу өткізді. Соның барысында теңіз арқылы Әзірбайжанға астықты жеткізуді қамтамасыз ету жайы, ұн өнімдерін өткізудің экспорттық бағытында кәсіпорынның әлеуетін дамыту мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Кездесуден кейін тараптар бірлесе бақыланатын кәсіпорын – «Баку астық терминалы» ЖШС-ға барды. Онда NB Holding басшылығымен қол жеткізілген келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыру жоспарлары сөз етілді, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Бірлескен іс-шаралар жоспарына кәсіпорынды астықпен үздіксіз қамтамасыз ету, жоғары сапалы ұн өнімдерін шығару және ұнды көршілес нарықтарға сату кіреді.

«Қараша айының соңына дейін қазақстандық тарап Баку астық терминалының диірмен кешеніне өңдеуге жоғары санатты бидайдың 6 мың тонна бастапқы партиясын жіберуді көздеп отыр. Алдағы уақытта Таяу Шығыс елдеріне ай сайын 3 мың тоннаға жуық ұн жөнелту жоспарланған», - деді Нұрлан Ерқожаұлы.

Айта кетейік, «Баку астық терминалы» кәсіпорны өзінің диірмен кешенінде ұн өндіретін әмбебап астық терминалы.

Осыған дейін елімізде көктемгі тасқынға қарамастан 26 миллион тоннадан астам астық жиналғанын хабарлаған едік.

Серіктес жаңалықтары