Қазақстан Иракқа сиыр мен қой етін экспорттамақ

13 қыркүйек 2024 11:34 / Новости Казахстана
Фото: Pixabay.com

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы Ирак Республикасының Қазақстан Республикасындағы уақытша сенімді өкілі Джабер Нажма Адбуллах Әл-Темимимен кездесті. Бұл туралы ҚР АШМ баспасөз қызметі мәлім етті. Вице-министрдің мәліметінше, 2023 жылы ҚР мен Ирак арасындағы АӨК өнімдерінің тауар айналымы 1 млн долларды, 2024 жылғы қаңтар-шілдеде 672 мың долларды құраған. Ал, ҚР-дан Иракқа экспорт 2024 жылғы қаңтар-шілдеде 640 мың доллардан асқан. Негізінен Иракқа пияз, күріш, ұн, ірі қара және ұсақ мал майы экспортталады, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Біз екіжақты байланыстарды нығайтуға, сауданы дамытуға, астық, күріш, ұн, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдерін жеткізуді жандандыруға дайынбыз. Экспортталатын позициялардың тізімі кеңейтіліп, жеткізілім көлемі ұлғайтылуы мүмкін», - деп атап өтті вице-министр, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Өз кезегінде Джабер Нажма Адбулла Әл-Темими бірқатар бағыттар бойынша қарым-қатынасты дамытуды ұсынды.

«Біз мелиорация, агротехника, мал шаруашылығы саласында оң тәжірибесі бар Қазақстанмен ынтымақтастыққа мүдделіміз», - деді ол.

Осыған байланысты Ермек Кенжеханұлы АШМ-нің ірі және ұсақ мал экспортын кеңейту, жаңа нарықтар ашу бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы айтып берді.

Атап айтқанда, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Иракқа 30 мың тоннаға дейін қазақстандық сиыр мен қой етін жеткізуге, сондай-ақ ІҚМ-нің асыл тұқымды және өнімді сапасын жақсарту үшін асыл тұқымды материал беруге дайын.

Кездесу соңында тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайту туралы келісті.

Серіктес жаңалықтары