Қазақстан үкіметі OpenAl компаниясымен меморандумға қол қойды

7 қараша 2025 18:50 / Новости Казахстана

Қазақстан үкіметі OpenAl компаниясымен ортақ келісімге келді. Келісім бойынша, Қазақстандағы ұстаздарға ChatGPT Edu — білім беру мекемелеріне арналған ChatGPT арнайы нұсқасы қол жетімді болады, деп хабарлайды Arbat.Media.

Вашингтонда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, «Қазақтелеком» АҚ, Freedom Holding Corp. және OpenAI, Inc. компаниясы жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы білім беру мен цифрлық дағдыларды дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

ChatGPT Edu қызметінде деректерді талдау, құжаттарды қысқаша мазмұндау және жеке GPT-ассистенттерін құру функциялары бар. Нәтижесінде мұғалімдердің уақыты үнемделіп, әкімшілік және техникалық жұмыстары жеңілдейді.

Меморандумға сәйкес, педагогтерге 3 жылда жыл сайын кемінде 165 000 OpenAI лицензиясын беру жоспарланып отыр.

«Бүкіл әлемдегі ұстаздар әкімшілік жүктемені азайтып, уақытын оқыту мен оқушылардың дамуына арнауы үшін жасанды интеллектіні қолданып келеді. Тиісті қолдау көрсетілсе, мұғалімдер мен оқытушылар бұл құралдарды тиімді игеріп, білім беру үдерісінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін барынша пайдалана алады. Қазақстан Үкіметімен жасалған келісім жергілікті педагогтерге ChatGPT-ні қолдануға және ЖИ-дің артықшылықтарын білім беру жүйесіне енгізуге жағдай жасайды», – дейді, OpenAI білім беру және мемлекеттік бағдарламалар GTM бағыты бойынша жетекшісі Кевин Миллс.

Серіктес жаңалықтары