Қазақстанда 1 наурыздан бастап не өзгереді?

29 ақпан 2024 15:00 / Новости Казахстана

Биылғы наурыз айы тарихи оқиға мен бірқатар экономикалық өзгеріске толы болмақ. Қазақ халқы үшін ежелден жаңару, жыл бастауы болған айға осы жылы Рамазан уақыты да тұспа-тұс келіп тұр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

Қазақстанда уақыт белдеуі ауысады

1 наурыздан басталатын елдегі, ең басты, өзгеріс Қазақстанның біртұтас уақыт белдеуіне өтуімен байланысты. Үкімет осы жылдың қаңтар айында «Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері 2024 жылдың 29 ақпанынан 2024 жылдың 1 наурызына қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағат артқа ауыстырсын», деген Қаулы қабылдады. Осылайша, Қазақстан бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуіне ауысады.

Намаз уақыты өзгереді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қазақстанда уақыт белдеуінің ауысына сәйкес Намаз уақыты да өзгеретінін хабарлады. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Шымкент, Абай, Ақмола, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарында намаз уақыты өзгереді. Муфтият белгілеген жаңа намаз уақытын мына жерден көруге болады. Сондай-ақ 11 наурыз күні қасиетті Рамазан айы басталады.

Блогерлер онлайн-жарнаманы таңбалауға тиіс

2 наурыздан бастап инфлюенсерлер (блогерлер) коммерциялық немесе шарттық негізде орналастыратын онлайн-жарнаманы таңбалауға тиіс. «Былтыр 10 шілдеде Мемлекет басшысы «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңға қол қойды. Заң жобасы Қазақстанда қауіпсіз онлайн орта құруға бағытталған. Құжаттағы көрсетілген негізгі құқықтық тетіктердің бірі – желідегі жарнаманы таңбалау міндеттемесі. Біз зерттеген халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жетекші елдер онлайн-жарнаманың маңызды рөлін және оны онлайн-платформаларда көрсету тетіктеріне ерекше назар аударады. Сонымен қатар онлайн-жарнаманың ашықтығын арттыруға бағытталған талаптарды көздейді», деп жазды Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қазақстанның жеті өңірінде ауыр жүк көліктері қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі

Жыл сайын көктем уақытында қыс мезгілінен кейін жолдарды сақтау үшін бір осьтік жүктемесі 8 тоннадан асатын көліктердің жүруіне уақытша шектеу енгізіледі. «Бесінші жол-климаттық деп аталатын аймаққа» Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды (Жезқазған), Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстары кіріп отыр. Шектеу төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралармен айналысатын, жүктер мен жолаушыларды халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын, зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсететін, азық-түлік, жолаушылар, жолжүк, дәрі-дәрмек тасымалдайтын, сондай-ақ, жол-құрылыс жұмыстарымен айналысатын көлік құралдарына қолданылмайды.

«Отау» жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады

Елімізде 1 наурыздан бастап «Отау» атты жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Ипотекалық жобаға 18 бен 63 жас аралығындағы кез-келген ел азаматы қатыса алады. Жаңа бағдарлама бойынша Отбасы банкінде жинаған депозиті бар тұлғалар ғана үй ала алады. Бағдарламаға қатысамын деушілер осы қаржы институтының порталы арқылы 30 сәуірге дейін өтініш беруі тиіс.

Алматыда электр энергиясы тарифі қымбаттайды

Тарифтер келесідей болады:

  • орташа сату тарифі ҚҚС-сыз 28 теңге/кВтсағ құрайды;
  • халық үшін тариф ҚҚС-сыз 25,55 (+10%) теңге/кВтсағ;
  • заңды тұлғалар үшін ҚҚС-сыз 29,73 (+11%) теңге/кВтсағ;
  • бюджеттік ұйымдар үшін ҚҚС-сыз 32,73 (-10%) теңге/кВтсағ;
  • СЗПТ өндірушілері үшін ҚҚС-сыз 28 теңге/кВтсағ.

Өңірлік кадр резервіне іріктеу басталады

1 наурыздан бастап еліміздің барлық өңірлері мен республикалық маңызы бар қалаларында өңірлік кадр резервтеріне іріктеу басталады. Іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді жəне 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар ел азаматтары қатыса алады. Өңірлік резервке алынған азаматтар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасады.

 

Серіктес жаңалықтары