Қорғаста заңсыз притондар мен казинолар ұйымдастырылған
Ішкі істер министрлігі ҰҚК-мен бірлесіп, “Қорғас шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы” АҚ аумағындағы сауықтыру орталығы мен қонақ үй кешенін бүркемелеп, заңсыз ұйымдастырылған притондар мен казинолардың жолын кесті, - деп хабарлайды Arbat.media.
Аталған әрбір нысан тәулік бойы жұмыс істеп, күзетпен және қатаң фейс-бақылаумен қамтамасыз етіліп, негізінен шетелдік азаматтарды ғана қабылдап отырған. Қылмыстық “бизнес” жоғары пайда мен құпиялылықты уәде ете отырып, Қазақстанның жас қыздарын алдап-арбау арқылы жыныстық құлдыққа тартуға бағытталған.
Жетісу облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының және ҰҚКД 5 басқармасының қызметкерлері прокуратурамен келісе отырып, бес негізгі фигурантты, оның ішінде екі шетелдік азаматты ұстады.
Сондай-ақ интимдік қызмет көрсетумен айналысатын 18 жастан 36 жасқа дейінгі жалпы 21 адам жеткізілді, оның ішінде 6 шетелдік әйел.
Тінту іс-шараларының нәтижелері бойынша ақша, ойын автоматтары, покер үстелдері және басқа да заттай дәлелдемелер алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру Жетісу облысының полиция департаментімен жүргізіледі, – деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.