«Қыз Жібек» ансамблі Түркияда халықаралық байқауда жеңімпаз атанды
Түркияның Чанаккале қаласында 14-18 тамыз аралығында өткен VIII International Troia Danse and Musik Competetion фестиваль-байқауында Казталов ауданының үлгілі «Қыз Жібек» дәстүрлі әншілер ансамблі үздік атанды. Халықаралық додаға әлемнің 20-дан астам елінен үміткерлер қатысып, бақ сынады. Бұл жолы Баян Қабиева мен оның ұлы Асылхан Болтанов жетекшілік ететін «Қыз Жібек» ансамблінің 14 оқушыдан құралған кіші тобы өнер көрсетіп, жалғыз бас жүлдеге ие болды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Танымал әнші-термеші, сазгер-ұстаз, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Баян Қабиеваның Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, ансамбль бас жүлдеге қоса үздік костюмі үшін марапатталды, - деп жазады Kazinform агенттігі.
«Тағы бір айта кететін жайт, қазан айында Мәскеу қаласында Ресейдің халық әртісі Надежда Бабкина театрында өтетін халықаралық байқауға тегін жолдама алдық. Оған дүниежүзі елдерінен үздік жас өнерпаздар келіп, озып шыққандары Кремльде өнер көрсетеді. Осымен Измир мен Сакарьяға, Чанаккалеге үшінші рет барып жатырмыз. Бұған дейін бірінші орын алсақ, бұл жолы Гран-приге қол жеткіздік. Түрік халқы Қазақстан десе, елең ете қалады екен. Ықыластары ерекше, көрермендер қатары да қалың. Чанаккале қаласының басшысы бізді қабылдап, құрмет көрсетті. Бұрын кәсіпкерлер демеушілік білдірсе, осы жолы қажетті қаржыны ата-аналар тауып берді. Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов сапарымыздың барысын қадағалап отырды. Жол қиындықтары да болмай қалған жоқ. Жалпы, болашақта осындай фестивальдерге баруға бюджет арқылы да қолдау көрсетілсе екен», дейді Баян Құбайқызы.
Оның айтуынша, «Қыз Жібек» ансамблі алдымен түріктің бесік жырын, содан кейін Асылхан Болтановтың «Қазақ елі жасасын!» әнін орындады. Екінші күні «Ағайша», «Сәулем-ай» халық әндерін әуелетті.
«Ансамбль мүшелерінің бірі Алина Сұлтан түрік тілін тым-тәуір меңгерген. Биыл Қараөзен мектеп-лицейінің 11-сыныбына барады. Менде алты жыл оқып, терме сыныбын бітірді. Болашақта дәстүрлі әнші болуды мақсат етіп отыр. Осындай шәкірттеріміз аз емес», деді Б.Қабиева.
«Менің түрік тілуін білуім жергілікті халықпен әңгімелесуге жақсы болды. Өнеріміздің арқасында ел көрдік, жер көрдік. Осындай мүмкіндікті жасаған ұстаздарымызға, ата-анамызға алғысымызды айтамыз», деді Алина Сұлтан.