Қызылорда көшелерін жарыс алаңына айналдырған сегіз жүргізуші жазаланды

18 қараша 2026 18:17 / Новости Казахстана

Қызылордада жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, басқа жүргізушілерге қауіп төндірген заңсыз кортежге қатысушылар анықталды, деп хабарлайды Arbat.Media.

 Полиция әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаны тексеріп, оқиғаға қатысы бар 20-25 жас аралығындағы сегіз азаматты жауапқа тартты. Олардың үшеуіне сот шешімімен әкімшілік айыппұл салынды.

Әлеуметтік желіде тараған видеода бірнеше көліктің кортеж құрып, жол үстінде қауіпті маневрлер жасағаны көрінеді. Полиция қызметкерлері бейнежазбаны зерделеп, көлік жүргізушілерінің барлығын анықтаған.

ІІМ мәліметінше, сегіз жүргізушінің барлығы - Қызылорда қаласының тұрғындары. Олар маневр жасау талаптарын бұзып, жолда апаттық жағдай туғызғаны және өзге де жол ережелерін сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұдан бөлек, сот үш азаматты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оларға әкімшілік айыппұл салу туралы шешім шығарды.

Ішкі істер министрлігі жүргізушілерді жолда жауапкершілік танытып, өзге қозғалыс қатысушыларының қауіпсіздігіне қатер төндірмеуге шақырды. 

Серіктес жаңалықтары