Семейдегі аспалы көпір аяз салдарынан жарылып кетті

20 ақпан 2024 0:39 / Новости Казахстана

Кейінгі үш тәулікте Қазақстанның шығысында аяз күшіне мініп тұр. Салдарынан Семейдегі танымал аспалы көпір жарылып кетті. Көпір үстіндегі жарық өлшемі кей жерлерде 25 см-ге жетеді, - деп хабарлайды Arbat.media.

AbaiNews Семейде аспалы көпірдің деформациялық жігінің орнында жарықтар пайда болғанын хабарлады. 

Ертісті кесіп өтетін көпір үстіндегі жарықтарды көрген тұрғындар алаңдаулы. Жергілікті полиция визуалды тексеру жүргізген.

«Полиция қызметкерлері өз құзыреті шегінде көпірдің жай-күйіне визуалды тексеріс жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша әкімдікке деформациялық жікті мұздан тазарту қажеттігі туралы ұйғарым жіберілді. Деформациялық жіктің ашылып кетуіне ауа температурасының төмендеуі себеп болған», деді Абай облыстық полиция департаментінің өкілі.

Абай облысының әкімдігі аспалы көпірдегі саңылаулар көлік қатынасына кедергі келтірмейтінін алға тартып, көпірдің құлауына қатысты қауіп жоқ деп бағамдады.

«16 ақпанда ауа температурасы -29 градус болған кезде Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілдері аспалы көпірдегі деформациялық жіктер мен көпірдің көзге көрінетін тіректерінің құрылымдарын визуалды тексерді. Нәтижесінде деформациялық жік қырларының арасынан №1 тіректен 70 мм-дей және №10 тіректен 60 мм-дей саңылау анықталды. Көпір тірегінің жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды, көпірдің құлау қаупі анықталған жоқ», деді әкімдік.

Алайда әкімдік өкілдері көпірдің техникалық жағдайы тәулік бойы бақылауда болатынын мәлімдеді.

 

Серіктес жаңалықтары