Солтүстік Қазақстанда науқас ФГДС кезінде қайтыс болды
Қайғылы жағдай Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын аудандық ауруханасында эндоскопиялық зерттеулер кезінде болған. Ер адам есінен танып қалып, тыныс алуы тоқтаған, деп хабарлайды Arbat.Media.
Дәрігерлер ағзадан эндоскопты шығара бастағанда науқастың жағдайы күрт нашарлаған. Дәрігерлердің айтуынша, ол есінен танып, дем ала алмай қалған. Бір сағат бойы реанимациялық шаралар жүргізілгенмен, құтқару мүмкін болмаған.
Аурухана мәліметінше, науқасты сегіз жылдан бері бас ауруы мазалап жүрген. Оның үстіне қабынуға қарсы стероид емес дәрілерді өз бетінше қабылдаған. Тіпті диспансерлік есепте тұрмаған. Ал емханаға соңғы бес жылда мүлде бармаған.
Науқастың бұрын анықталмаған аортаның қабырғасының жарықшақтануы деген диагнозы болған. Бұл жағдай науқастың ағзасының ауруға төзу қабілетінің бұзылуына, яғни аневризманың қабырғасының жарықшақтануы мен жүрек қапшығының тампонадына әкеп соққан.
Ал полиция қылмыстық іс қозғады. Тергеу шаралары жүріп жатқанын хабарлады.