ШҚО 2024 жылды «Жол жылы» деп жариялады
Шығыс Қазақстанда 2024 жыл «Жол жылы» деп жарияланады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Оның аясында жол салу мен жөндеуге бөлінетін бюджет екі есе көбейтіледі. Бұл туралы өңір басшысы Ермек Көшербаев есептік кездесуінде айтты.
«Халықпен кездесулерде жолдардың сапасы мәселесі жиі көтеріледі. Сондықтан біз 2024 жылды «Жолдар жылы» деп жариялауды ұйғардық. Келесі жылдан бастап облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуді қаржыландыру 7-ден 15 млрд теңгеге дейін екі есеге ұлғайтылды. Ал елді мекендердің көшелері мен жол құрылыстарын жөндеуді ескере отырып, барлығы 28 млрд теңге бөлу жоспарлануда», - деді Е. Көшербаев.
Жалпы, әкімнің айтуынша, 600 шақырым жолдар мен көшелер ретке келтіріледі.
«Жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша 5 жылдық жоспар әзірленуде. Онда жөндеуге жататын жолдар мен көшелер кезең-кезеңімен белгіленеді. Осылайша, облыс халқы жолдар мен көшелерді жөндеу көлемі мен мерзімдері туралы хабардар болып отырады», - деп түсіндірді өңір басшысы.