Субұрқаққа бөлінген қаржы талан-таражға түскен

11 қыркүйек 2024 13:23 / Новости Казахстана
ФОТО: КТК

Субұрқаққа сіңген миллиард. Қаржы мониторингі агенттігі Астана қаласы Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысына қатысты істің мән-жайын айтты. Болат Мажағұлов бюджеттің миллиард теңгесін жымқырды деген күдікпен ұсталыпты. Қылмыстық істе Есіл өзенінде «Күн» субұрқағын тұрғызған мердігер компания өкілдері де бар, - деп хабарлайды Arbat.media.

Әлібек Әбділов, ҚР ҚМА ресми өкілі:

— Ұрланған қаражаттың көлемі млрд теңгеден асып отыр.

Күдікті — Астана қаласы Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған іс бойынша күдіктінің мүлкіне жалпы сомасы 572 миллион теңгеден астам сомаға шектеу қойылды.

Субұрқаққа бөлінген қаржы сегіз жыл бұрын талан-таражға түсіпті. Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы сол кездегі қылмысына істі болып жатыр. Әкімдік 2016 жылы аумағы 3600 шаршы метр алып субұрқақ 80 метрге дейін су шашырата алатын ерекше гидротехника нысаны деп мақтауын асырған. Онысы жыл өтпей сыр беріп, қайта жөнделді. Сөйтсе, субұрқақ құрылысы ешбір жоба құжаттамасыз, мемлекеттік сараптамадан өткізілмей, тіпті сапасыз құрылыс материалдарынан салынған.

Қаржы мониторингі агенттігі тергеуде Болат Мажағұловтың жеке мүлкіне, яғни үш коммерциялық нысанға, екі автотұрақ пен Астана қаласындағы «премиум» санатындағы пәтеріне шектеу қойған.

Серіктес жаңалықтары