Суға батқан қызды құтқарған ақтөбеліктің отбасына пәтер берілді

24 желтоқсан 2023 10:03 / Новости Казахстана

Ақтөбе қаласында жыл үздіктері анықталды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Биыл жазда суға батып бара жатқан қызды құтқарып, көз жұмған ақтөбеліктің отбасына пәтер берілді.

Қалалық Мәдениет үйінде «Жыл үздігі» шарасы өтті. Мұнда қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысқан еңбек адамдарына құрмет көрсетілді.

«2023 жылды қорытындылай отырып, әр салада аянбай қызмет етіп, абырой биігінен көрінген азаматтарға «Жыл үздігі-2023» номинациясын табыстадық. Мұнда еңбекқор, Отанды сүюдің, қайырымдылықтың озық үлгісі болған жандар бар», – деді қала әкімі Азамат Бекет.

Жыл үздігі атанғандар арасында суға батып бара жатқан қызды құтқару кезінде қаза тапқан ақтөбелік Медет Төлеуғалиевтің отбасы да болды. Марқұмның артында әйелі мен 6 баласы қалды. Демеушілердің, жанашыр жандардың арқасында отбасына екі бөлмелі пәтер берілді.

«Біз үшін ерекше тосынсый жасаған жомарт жандарға алғысым шексіз. Пәтер кілтін береді деп ойламадым. Әрине, жолдасым ерлік жасады. Мен де, балалар да оны мақтан тұтамыз. Оның орны толмайды. Одан айырылып қалғанымызға алты ай болды. 6 баламен қалдым, кішкентайым жастан енді асты. Бізге баспана сыйлаған жандарға алғыс айтамыз, – деді Айгерім Төлеуғалиева.

Еске салсақ, биыл Ақтөбе қаласындағы Елек өзенінде 39 жастағы ақтөбелік суға батып бара жатқан қызды құтқарып, өзі ажал құшты.

Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, “Жыл үздігі -2023” номинанттарының қатарында 8000 мұқтаж отбасын азық-түлікпен қамтамасыз еткен “Ыбырай” қорының басшысы, меценат Әсет Өтеғалиев те болды. Ол “Мектепке жол” акциясы аясында әлеуметтік осал топтағы 2500 оқушыны киіндірді, пандемия кезінде қалалық ауруханаларға өкпені жасанды тыныстандыруға арналған 100 аппарат алып берді. Сондай-ақ соңғы 3 жылда мұқтаж отбасыларға 90 тонна көмір таратты.

Серіктес жаңалықтары