Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан бойжеткен жер қойнына тапсырылды

13 қаңтар 2026 15:29 / Новости Казахстана

Шымкентте бірнеше жерінен пышақталған марқұмның денесін туысқандары туған жері Төрткөл ауылына алып кетті. Олар күдікті тиісті жазасын алса дейді, деп хабарлайды Arbat.Media.

Шымкенттегі Төлеметов көшесі мен Өтегенов көшесінің қиылысындағы жаяу жүргіншілер жолында болған қанды оқиға елді елең еткізді. Желіде тараған бейнеден қыздың қарсылық көрсетіп жатқанын, ал жігіттің оның артынан қуып, ұрып-соғып, пышақтап, қашып кеткенін көруге болады.

Бейресми ақпаратқа қарағанда, марқұмның 11 жеріне пышақ сұғылған. Бетін тіліп тастаған.

Оқиға орнында мерт болған 21 жастағы Нұрай Серікбай сол маңдағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде отбасымен бірге өмір сүрген. Екі ағасы бар, үйдің – кенжесі. Студент. Әке-шешесі қалада түрлі салада жұмыс істейді. Марқұмның денесі туыстарына берілді. Жақындары қыздың денесін мәйітханадан алып, Түркістан облысы Төрткүл ауылына алып кетті.

«Қызымызды айуандықпен өлтіріп отыр. Бұл өте ауыр қайғы. Талап заң жүзінде қамалсын, жазасын алсын», — дейді марқұмның туысы Кәрім Кенжетаев.

29 жастағы Шерхан Аймахан 2021-2024 жыл аралығында жеке кәсіпкерлікпен айналысқан. Қалалық полицияның дерегінше, оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабымен іс қозғалған. Қазірге таңда күдіктінің марқұмды неге пышақтағаны белгісіз.

Айта кетейік, қызды пышақтап өлтірген жігіт ұсталып, уақытша ұстау изоляторынп қамалды.

Серіктес жаңалықтары