Шымкентте жас ана дәрігерлердің салғырттығынан көз жұмды

10 қазан 2025 11:10 / Новости Казахстана

Шымкентте перинаталдық орталыққа өз аяғымен барып, перзентін аман-есен босанған Зарина Сұлтан жансақтау бөлімінде жатып, 33 күннен кейін қайтыс болды. Марқұмның анасы дәрігерлердің жас ананың өміріне немқұрайлы қарағанын айтады, деп хабарлайды Arbat.Media Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.

Зарина Сұлтан тамыздың 20-сы күні перинаталдық орталыққа босануға кеткен. Әйел ұл босанған. Бірақ көп ұзамай қызуы көтеріліп, дәрігерлер антибиотик салған дейді. Содан кейін науқастың жағдайы күрт нашарлапты.

“Бірінші көмек көрсетілмеген. Адреналин салынуы керек еді. Сондай ауруханада қалай адреналин салмаған. Сепсис деді. Өздері де білмей жаңағы жатырда вирус деді. Сіздер қол қойсаңыздар да, қоймасаңыздар да біз матканы аламыз. Біз жан-жақпен Алматы Астанамен Zoom-мен сөйлесіп отырмыз жатырды алыңыздар деп айтты деді. Сөйтіп жүргенде 18 литр құйған қанымыз қайда кетіп жатқанын білмей жатырмыз деді”, – деді Заринаның анасы Нышангүл Тулеева.

Жас ана араға 33 күн салып жан тапсырған. Артында қалған шақалағы мен екі жасар баласы әкелерінің қолында. Қара жамылған отбасы қайғылы оқиғаға дәрігерлерді кінәлайды.

“Барлық ауысымда болған, дәрі берген дәрігерлер өз жазасын алса дейміз. Тағы мұндай болмасына кім кепіл. Тергеуші өздерінің адамдары болғаннан кейін кім біледі. Сатып алуы да мүмкін деп күмәнданып отырмыз. Дәрігерлердің салғырттығынан бұндай қайталанбаса деп тілеймін енді”, – дейді марқұмның анасы.

Зарина Сұлтанның өлімінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған. Қалалық №1 перзентхананың мамандары өздерін кінәлі деп санамайды. Қолдан келгеннің бәрін жасадық деген ақ халаттылар Алматы мен Астанадағы әріптестерінің көмегіне де жүгініпті.

“Біздің дәрігерлер ананың өмірін сақтау үшін барлық шараларды қолданды. Біз клиникалық хаттамалар дейміз басқа дейміз бәрі соған сәйкес келді. Қазіргі таңда аталған жағдай бойынша қызметтік тексерістер жүргізіліп жатыр. Себебін анықтау үшін. Түпкілікті қорытынды сот медициналық сараптама нәтижесі шыққаннан кейін айтылады”, – дейді Шымкент қалалық перинаталдық орталығы бас дәрігердің орынбасары Ақмарал Махашева.

Марқұм Зарина Сұлтанның өзі де дәрігер болған екен. Алматыдағы медициналық университетке грантқа түсіп, жалпы медицина мамандығын бойынша 7 жыл білім алған.

Серіктес жаңалықтары