«Шымкенттегі бойжеткеннің қазасы»: Нұрайдың өліміне қатысты жаңа баппен іс қозғалды

23 қаңтар 2026 16:33 / Новости Казахстана

Шымкентке Ішкі істер министрлігінен арнайы комиссия келіп, жедел-тергеу тобы құрылған. Бойжеткеннің өліміне қатысты «Некеге тұруға мәжбүрлеу (125-1)» бабы бойынша қылмыстық іс тіркелген, деп хабарлайды Arbat.Media.

Бұл туралы марқұмның адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді. Адвокат бұған дейін Нұрайдың ісі бойынша тергеушіге 3 рет өтінішхат жолдағанын жазды. Онда істі «аса қатыгездікпен адам өлтіру» бойынша қайта саралауды және сталкинг бойынша да іс қозғауды талап еткен.

Қазір жас қызды пышақтап өлтірген күдікті «адам өлтіру» бабымен тергеліп жатыр. Бұл бапта 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Еске салсақ, 11 қаңтар күні кешкі уақытта Шымкентте көпқабатты тұрғын үй маңынан бойжеткеннің мәйіті табылған болатын. Марқұмның денесінен пышақ жарақаттары анықталған.

Ал 20 қаңтар күні Ұлттық құрылтайда Президент Ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекеттеріне құқықтық баға беруді тапсырған еді. Осы мәлімдемеден кейін полиция басшысы мен оның орынбасары қызметінен босатылды. Министрлік полицейлердің салғырттығына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын да хабарлады.

Серіктес жаңалықтары