Тағы бір халықаралық форум өткізілмейтін болды
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі су тасқынына байланысты ірі іс-шаралардан бас тарту туралы Президент тапсырмасына сәйкес, Digital Bridge 2024 халықаралық ІТ-форумын өткізуден бас тартты. Форум Астанада осы жылдың 5-7 қыркүйегіне жоспарланған болатын, - деп хабарлайды Arbat.media.
Digital Bridge 2018 жылдан бері IT-индустрияның соңғы тенденциялары мен даму перспективаларын талқылауға арналған Орталық Азиядағы ең ірі алаң болып келді. Бұл форум тек 2020 жылы төтенше жағдайда – жаһандық COVID-19 пандемиясында өткізілген жоқ, - деп жазады Kazinform агенттігі.
«Биыл көктемдегі су тасқыны Қазақстандағы соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат болды. Осыған байланысты, ауқымды қирату салдарын жою және ел азаматтарына көмек көрсету үшін қаражатты үнемдеу мақсатында Мемлекет басшысы Үкіметке жоспарланған имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізуден бас тартуды тапсырды. Digital Bridge ұйымдастырушылары форумға қатысуға мүдделі барлық адамдарға алғыс білдіреді. Қолайлы жағдайларда Digital Bridge халықаралық IT-форумы өз жұмысын 2025 жылы қайта бастайды», - деп хабарлады министрлік.
Бұған дейін Мемлекет басшысы 13-14 маусымға жоспарланған Астана халықаралық форумын өткізбеу туралы шешім қабылдаған еді.
Сондай-ақ, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 25-26 сәуірге жоспарланған Қазақстан машина жасаушыларының ХІІ форумын уақытша тоқтатты.