Алматыда ауруханаға түскен оқушылар саны 51-ге жетті

15 қазан 2026 12:30 / Новости Казахстана

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің тағы үш оқушысы ауруханаға жеткізілді. Осылайша, ауруханаға жатқызылған балалар саны 48-ден 51-ге өсті. Оқу-ағарту министрлігі жағдайды бақылауға алып, мектепке мониторинг тобын жіберді, деп хабарлайды Arbat.Media.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева Алматыдағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасына барып, ем қабылдап жатқан оқушылардың жағдайымен танысты. Оның мәліметінше, бұған дейін ауруханаға 43 ұл мен бес қыз жатқызылған. Кейін тағы үш бала жеткізілген. Оқушылардың жағдайы тұрақты, оқиғаға байланысты тексеру жүріп жатыр.

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, мектепте Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің, тиісті аумақтық органдардың және «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының өкілдерінен құралған мониторинг тобы жұмыс істеп жатыр. Министрлік мектептің директорлар кеңесі мен басқармасына балалардың тамақтануын, санитариялық талаптардың сақталуын және оқушылардың қауіпсіздігін бақылауды күшейтуді тапсырды.

Серіктес жаңалықтары