«Тағы да Талғар»: Күдікті ер адамды атып өлтіріп, екі жастағы қызды ұрлап кетті

6 қыркүйек 2025 16:40 / Новости Казахстана

Алматы облысының Талғар қаласында белгісіз адам ер азаматты атып өлтіріп, кішкентай қызды алып кеткен. Қыз дені сау күйде табылып, күдікті ұсталды, деп хабарлайды Arbat.Media.

Полиция мәліметінше, ер адамды өлтіру және бала ұрлау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды.

Тергеудің алдын ала нұсқасы бойынша, күдікті қыздың анасымен бұрын жақын қарым-қатынаста болған. Араларында жанжал туындап, ер адам жәбірленушінің ағасына мылтықтан оқ атқан. Оқ тиген ер адам жарақатынан оқиға орнында қаза тапқан.

“Қылмыс жасағаннан кейін күдікті кәмелетке толмаған баланы ұрлап, ізін жасырған. Оның жеке басы мен жүрген жері анықталды”, – делінген департамент хабарламасында.

Кейінірек құқық қорғау органдары күдікті көп ұзамай қолға түсіп, одан атыс қаруы тәркіленгенін мәлімдеді.

Сондай-ақ құтқарылған қыз анасына тапсырылды. Дәрігерлер ұрланған баланың денсаулығын тексеріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары