Тағы екі қазақстандық өмір бойына бас бостандығынан айырылды
Ақтөбе облысының екі тұрғыны мектеп оқушысына қатысты зорлық-зомбылық ісі бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Arbat.media.
2024 жылғы қазанда Ақтөбе облысының тұрғыны полицияға жүгініп, күйеуінің туыстары 14 жастағы қызына сексуалдық сипаттағы зорлық көрсеткенін айтқан. Қыз анасына өзінің 8 жасынан бері 20 және 25 жастағы туыстары тарапынан зорлық көріп жүргенін жеткізген.
Бұған дейін облыстық Полиция департаменті бұл іс бойынша бопсалау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері бойынша тергеу басталғанын хабарлаған. Алайда ведомство ресми түрде жәбірленушінің кім екенін және күдіктілердің оған қандай туыстық қатынаста екенін нақтыламаған.
2025 жылғы 23 сәуірде мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сот екі айыпталушыға үкім шығарды. Олар Қылмыстық кодекстің "Кәмелетке толмағанға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеттері" және "Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған бопсалау" баптары бойынша кінәлі деп танылды.