Тек қолма-қол төлем: саудагерлердің мұндай талабы заңды ма
Маңғыстау облыстық мемлекеттік кірістер департаменті егер кәсіпкерлер картамен төлем жасаудан бас тартатын болса не істеу керегін түсіндірді, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Жеке кәсіпкерлер картамен төлемді қабылдаудан бас тартып, көрсетілген қызметке, тауарға қолма-қол ақшаны талап ететін жағдайлар кездеседі. Картамен төлем қабылдаудан бас тарту заңсыз. Себебі Қазақстан Республикасының «Төлем мен төлем жүйелері туралы» Заң нормаларында түрлі төлем тәсілдері – банк картасы, QR немесе қолма-қол ақша қарастырылған (25-бап). Кәсіпкерлердің төлем карталары арқылы төлем қабылдаудан бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік бар: біріншісінде жәй ескерту болса, қайта ереже бұзғанда 147 680 теңге (40 МРП) көлемінде айыппұл салынады (ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 194-бабы)», - деп түсіндірді департамент өкілдері.
Ведомствоның айтуынша, картамен төлем қабылдаудан бас тарту жағдайлары туралы мемлекеттік кірістер органдарына хабарлау қажет (eOtinish арқылы растайтын құжаттарды жүктей отырып немесе Wipon Cashback тегін қосымшасы арқылы арыздануға болады).
Тауарларды сатқанда немесе қызмет көрсеткенде кәсіпкерлер сатып алушыға фискал чек беруі қажет. Чек беруден бас тартқандар әкімшілік жауапқа тартылады.