Тоқаев қазақстандықтарды мерекемен құттықтады

25 қазан 2025 10:22 / Новости Казахстана

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Arbat.Media. 

Бүл туралы Ақорда жазды.

«Қымбатты отандастар!

Республика күні құтты болсын!

Қазақстан осыдан 35 жыл бұрын Егемендік деклара­ция­сын қабылдап, жаңа дәуірге қадам басты. Тарихи құ­жат­та халқымыздың өз болашағын дербес айқындау құ­қығы нақты көрініс тапты. Сол арқылы бостандықтың бай­рағын көтеріп, заманауи мемлекет құруымызға жол ашылды.

Содан бері еліміз қиын да күрделі жолдан өтті. Біз Тәуел­сіздігіміздің саяси-экономикалық тұғырын бекіт­тік, шекарамызды айқындап, оны бүкіл әлемге таныт­тық, жаңа астанамызды салдық. Сондай-ақ жалпыұлт­тық бірегейлігімізді нығайту, азаматтарымыздың әл-ау­қатын арттыру жолында зор жетістікке қол жеткіз­дік. Қазақстан салиқалы әрі сындарлы сыртқы саяса­ты­ның арқасында өзінің ұлттық мүддесіне адал, халық­ара­лық абырой-беделі жоғары мемлекет ретінде қа­лып­тасты.

Дегенмен алдымызда бұдан да зор міндеттер тұр. Біз қазіргі алмағайып замандағы орасан сын-қатерлерге қарамастан, барлық азаматқа бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Саясаттағы, эко­номика мен әлеуметтік саладағы реформалар Ота­нымыздың өсіп-өркендеуін қамтамасыз етіп, халқы­мыз­дың тұрмыс сапасын арттыруды көздейді.

Біз «Заң және тәртіп» қағидатын, «Таза Қазақстан» идео­логиясын, отаншылдық пен тілеулестік, еңбек­қор­лық пен жауапкершілік, білімпаздық пен кәсібилік құн­дылықтарын қоғамда барынша орнықтырып, келе­ше­гіне сеніммен қарайтын озық ойлы ұлт ретінде қа­лып­тасып келеміз.

Әр буынның өз миссиясы бар. Осы орайда, бабалар өсие­тін ұмытпай, қастерлі Тәуелсіздігімізді нығайта тү­су, Қазақстанды дамыған, жасампаз әрі әділетті ел ету – бәрімізге ортақ парыз.

Біз еселі еңбектің, өзара қолдаудың және ең басты­сы, мызғымас бірліктің арқасында барлық жоспары­мыз­ды табысты жүзеге асырып, жаңа белестерді бағын­дыра беретінімізге сенімдімін.

Еліміздің келешегі – әрқайсымыздың қолымызда.

Қазақстанның көк туы әрдайым биікте желбіресін!

Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және мол та­быс тілеймін!», делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары