Тоқаев спорт федерацияларының басшыларын сынады
Бүгін, 17 қазан күні Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар, мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрлігі спорт федерацияларымен өзара байланыс орнатып, белсенді жұмыс істегені жөн деп санайды. Президент өз сөзінде тек мемлекеттен бөлінетін қаражатқа қарап отыратын спорт федерацияларының басшыларын сынға алды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Тоқаев спорт федерацияларының басшыларын спорттың мәнісіне терең бойламайтынына шағымданды. Әрі спортшылардың жеңісін өздерінің жеке жеңісі деп санайтындардың барын айтты.
«Жалпы, бүгінгі таңда спорт федерациялары абырой-бедел жинайтын құрылымға айналып кетті. Көптеген федерацияны ірі бизнес өкілдері және мемлекеттік мекеме басшылары басқарып отыр. Бірақ ашығын айтуымыз керек, кәсіпкерлер осы қоғамдық маңызы бар іске өз қаржысын салуға құлықсыз, тек мемлекеттен бөлінетін қаражатқа қарап отырады. Мемлекеттік қызметшілер де осы жоғары қоғамдық лауазымдарды өзін «жарнамалау» құралы ретінде көреді, яғни спорттың мәнісіне терең бойламайды. Тіпті, спортшылардың жетістігін өздерінің жеке жеңісі деп санайтындар бар. Мұндай теріс, жағымсыз үдеріске тосқауыл қою керек. Осы мәселе бойынша жан-жақты талдау жүргізу қажет. Бұл жұмысты президент әкімшілігіне тапсырамын», – деді Президент.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, спорт және дене шынықтыруға қолдау көрсетуді құрметті қоғамдық миссия және үлкен азаматтық жауапкершілік ретінде қарастыру керек екен.
«Мемлекет кәсіпкерлерді, соның ішінде ірі бизнесмендерді қолдайды. Бірақ мемлекет пен қоғам да олардың осыған сай әрекет еткенін күтеді. Атап айтқанда, бұл спортты, мысалы футболды коммерцияландыру мәселесіне қатысты. Туризм және спорт министрлігі мен спорт федерацияларының арасында тең құқылы диалог өрбіп, міндеттері мен құзыреттері нақты айқындалған ынтымақтастық жолға қойылуға тиіс», - деді мемлекет басшысы.