Ұсыныс: Мәдениет және спорт нысандарына аудит жасау
Мәжілістің жалпы отырысында Amanat фракциясының депутаттары Қазақстандағы мәдени әрі спорт нысандарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты ұсыныс жасады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
Депутаттың айтуынша, Ресейдегі Crocus City Hall ғимаратында болған терактіден кейін Қазақстандағы жауапты органдар осы оқиғаны толық зерттеп, тиісті сабақ алуы керек.
«Орталық және жергілікті атқарушы органдар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында берген тапсырмаларының нақты орындалуын қамтамасыз етеді деп сенеміз. Сонымен бірге, келесі мәселелерге аудару керек деп ойлаймыз. Біріншіден, мәдениет және спорт объектілерін салу және оларды міндетті мемлекеттік қабылдау мәселелеріне мемлекеттік бақылауды күшейтуге назар аудару қажет. Яғни, құрылыста пайдаланылатын материалдардан бастап, оларды пайдалану кезінде азаматтар мен персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше мән беру керек», - деді депутат Айдос Сарым Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына жолдаған сауалында.
Оның пайымынша, еліміздегі әрбір концерт залы мен спорт нысанында төтенше жағдайларға қатысты нақты жоспарлар болуы тиіс. Олардың қызметкерлері дайындықтан өтіп, азаматтар көп жиналатын іс-шаралар қарсаңында тұрақты түрде тиісті нұсқамаларды алуы қажет. Ұйымдастырушылар қажет болған жағдайда қосымша персоналды тартып, адамдардың кедергісіз шығуын қамтамасыз ету қажет болған жағдайда ішкі істер органдары мен төтенше жағдайлар органдары өкілдерін тартуы керек.
«Адамдар жиі баратын мәдениет және спорт нысандарында лаңкестікке қарсы, өртке қарсы және басқа да қауіпсіздік іс-шаралары бойынша, сондай-ақ оларды тиісті дабыл құралдарымен және өрт сөндіру жабдықтарымен қамтамасыз етілуіне аудит жүргізу керек. Атап айтқанда, осы құрылғылардың нақты жұмыс істеп тұрғанын растау үшін тұрақты түрде тексеріп отыру қажет. Мұндай жаңа нысандарды салу кезінде сейсмикалық және өрт қауіпсіздігінің барлық талаптары ескеріліп, отқа төзімді материалдарды пайдалануға назар аударған жөн», - деді депутат.