Хасан, Фатима, Хусан: Түркістан облысында үшем дүниеге келді

28 қазан 2024 15:00 / Новости Казахстана
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

№ 2 Облыстық перинаталдық орталықта үшем дүниеге келді. Сайрам ауданы Ақсу елді мекеніндегі Эгамбердиевтер отбасы бірден үш перзентпен толықты. 27 жастағы Назима Эгамбердиева екі ұлынан кейін 2 ұл мен 1 қыз босанды. Бірнеше күн дәрігердің бақылауында болған сәбилер мен анасы бүгін үйлеріне шықты. Отбасының қуанышымен бөлісуге келген туыстары сәбилерді көру үшін перзентхана маңына жиналып, ақжарма тілектерін жеткізді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Үшемдер мерзімінен бұрын, яғни жүктіліктің 34 аптасында жоспарлы кесір тілігі арқылы дүниеге келген, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Олардың бірінің салмағы 2 келі 430 грамм болса, екіншісі – 2 келі 490 гр, ал, үшіншісі 1 келі 730 грам болды. Шексіз қуанышқа кенелген отбасы мүшелері үшемдерге Хасан, Фатима, Хусан деп есім берді.

Дәрігерлердің айтуынша үшемдер туылған кезде аппаратта болған. Оларды алғашқы күндері «жоғары күтімге мұқтаж нәрестелер» бөлімшесінде бақылаған.

«Тексеру, емдеу, күтіп баптау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда жағдайлары жақсы, медицина қызметкерлерінің көмектерінен соң үшемдер жақсы салмақ қосып, ана сүтін қанағаттарлықтай еміп жатыр», - дейді перинаталдық орталық мамандары.

Серіктес жаңалықтары