Ысырапшылдықты тыюдың батыл қадамы

27 ақпан 2024 13:34 / Новости Казахстана

Ұлы Абай осыдан бір жарым ғасырдай бұрын өскелең ұрпаққа өсиет ретінде сақтандыра айтып кеткен бес дұшпанның бірі – бекер малшашпақ һәм ысырапшылдықтан әлі күнге арыла алмай келе жатырмыз. Осы мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ұдайы назар аударып, халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру міндетін алға қойып отыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

Премьер-министр Олжас Бектенов 9 ақпанда Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыру мәселелері жөнінде өткізген кеңесте бюджет шы­ғыс­тары толығымен эконо­ми­калық табыс әкелуге бағыт­та­лып, өнімсіз шығыстар толы­ғы­мен жойылуы керектігін айта келіп: «Қаржы министрлігі 10 күн ішінде республикалық бюд­жетке және бір ай ішінде жер­гілікті бюджеттердің бар­лы­ғына тексеру жүргізіп, аса маңызы жоқ шығыстарды айтар­лық­тай қыс­қартуға тиіс. Ешкім де ақ­ша­ны орынсыз шашпауы керек», деп нақты тапсырма берді. Ал 20 ақпанда болған Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров бюджет шығыстарын оңтайландыру мақсатында өнімсіз позицияларды анықтау үшін жүргізілген қосымша тексеріс нәтижесінде 300 млрд теңгеден астам қара­жат оңтайландыруға ұсыны­ла­­тындығын баяндады. Осын­ша­ма қаржы мемлекеттік орган­дар­дың форумдар өткізуге, әлеу­мет­тік зерттеулер жүргізуге, іс­­­сапарларға шығуға арналған әкім­шілік шығыстарын қыс­қар­ту, әкімшілік ғимараттар салу, жөндеу жұмыстары сияқ­ты аса маңызды емес жобалар мен іс-шараларды қайта қарау есебінен үнемделгелі отыр. Оның бәрі Мемлекет бас­­шысының тапсырмаларын және экономиканың негізгі сек­­торларын қаржыландыруға ба­ғыт­­талмақшы.

Салыстырып қарасақ, 300 млрд теңгеден астам қаражат Абай және Солтүстік Қазақстан сияқты облыстардың жылдық бюджетіне жуық екен. Осылайша, ондаған жыл бойы триллиондаған теңге қаржы құмға сіңген судай болып, еш ізі қалмағаны өкі­ніш­ті-ақ. Бұл жайлы алтыншы ша­қырылымдағы Парламент Мә­жілісінің депутаттары жыл сайын республикалық бюджет жобасын қараған кезде орынды дабыл қағып, бұрынғы Үкімет мүшелеріне өнімсіз шығындарды қысқарту туралы ұсынымдар жа­сағанымен, одан шығарылған нәтиже жоқтың қасы болғаны жадымызда. Енді көбінесе жоғары лауазымды шенеуніктердің тамыр-таныстарына бұйыратын мемлекеттік тапсырыс арқылы жүргізілетін құр даңғаза іс-ша­ра­лар мен көзге ұрып тұрған ащы шындықты «тұщытатын» әлеуметтік зерттеулерге, әкім мен министр ауысқан сайын олардың жұмыс кабинеттерін жөндеуге, олардағы жиһаздарды жаңалауға жұмсалатын мол қаржы ел игілі­гі­не жаратылмақшы.

Әрине, еліміздегі ысырап­шыл­дық мәселесі осымен түпкілікті шешімін тапты деуге әлі ерте. Мә­се­лен, спорт саласындағы даң­ғойлық пен дарақылық тыйыл­май тұр. Туризм және спорт министрлігінің өтінімі бойынша 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 3 жылда жоғары жетістіктер спортын дамытуға 266 млрд теңге бөлініп отырғандығы – соның айғағы. Бұл – әр жылға шаққанда шамамен 195 млн АҚШ долларына тең қаржы. Осы мәселе жөнінде Мәжіліс депутаты, белгілі тележурна­лист Нартай Сәрсенғалиев өткен жылдың соңында Үкіметке жол­даған депутаттық сауалында: «Қазақстанның спортына бөлі­не­тін қаражат денсаулықтың емес, бәз біреулердің шексіз баюы­­ның кепіліндей көрінеді. Ең сора­қысы, қисапсыз ақша бөлгенмен, жеткен жетістігіміз жоқтың қасы. Мысалы, 2021 жылы Токиода өткен Жазғы олим­­­пиада ойындарында Қазақ­стан құрамасы бар-жоғы 8 қола ме­даль иеленіп, 92 мемле­кет­тің ішінде 83-орын алды. Ал жоғары жетістіктер спортына 41 миллион доллар ғана бөлген Нидерланд 10 алтын, 12 күміс, 14 қола медаль алды. Осы спортқа 46 миллион доллар бөлген Дания Токиода 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль иемденді. Бұған жуырда Қытайда өткен Азия ойындарынан 11-орынмен оралғанымызды қосыңыз. Бұл – бір.

Екінші мәселе, Қазақстандағы спортқа жауапты министрлік 180-нен астам спорт түрін ресми тіркеп, оған бюджеттен қыруар ақша бөліп отыр. Соның тек 50-ге жуығы ғана Жазғы олимпиада ойындарының тізіміне енген. Салыстырып айтайын, Ұлыбритания Олимпиада бағ­дар­ламасына кіретін 15 спорт түріне ғана бюджеттен қаржы б­өледі, Германия 18 спорт түрі­не қазынадан ақша береді, ал көршіміз Өзбекстан тек 17 спорт түріне бюджеттің қаржысын жұмсайды. Біздікі не шашпалық? Қазақстан қазынадан ақша бөле­тін 180 спорт түрінің ішінде пенчак силат, спорттық балық аулау, биатл, триатл, петанк, текбол, унифайт, черлидинг дегендер жүр. Осылардың атын ел енді естіп отырған шығар. Айтпақшы, Қазақстанның бюджетінен қар­жы бөлінетін пилондағы спорт деген бір спорт түрі де бар. Оның не екенін білсеңіздер ми­нис­трлік бұған қалай қаржы бөліп отыр деп жағаларыңызды ұс­тайсыздар», дей келіп, кәсіби спорт клубтарына берілетін қар­жы­ны шектеуді ұсыныпты.

Легионерлерді шақыруға жұм­салатын бюджет қаражатын оңтай­ландыру мақсатында футбол мен хоккей үшін кәсіпқой спорт ойындары клубтарын ұс­тау­ға мемлекеттік бюджеттен және квазимемлекеттік сек­тор­дан бөлінетін қаржы лимит­тері 1,2 млрд теңгеден аспайтын сомада белгіленді. Федера­ция­­лармен жүргізілген жұмыс нәти­жесінде легионерлер санын төрт ойыншыдан екі ойыншыға дейін қысқарту туралы шешім қабылданды», деген екен.

Жаңа Үкімет бұрынғы Үкі­меттің «мемлекеттік бюджет­тен қаржыландырылатын спорт түрлерін кезең-кезеңімен қыс­қар­ту» туралы ұсынысын қайта қарауы қажет сияқты. Осы орай­да, тіпті ауылдары азып-тозып, тұрғындарының саны жылдан-жылға кеміп бара жат­қан депрессивті Солтүстік Қазақ­стан облысының бюд­же­тінен де жергілікті «Қызыл­жар» фут­бол клубына 1,2 млрд теңге бөлінгені қазір солтүстік­қазақ­­стан­дықтардың орынды на­ра­зы­лығын туғызып отыр­ға­­нын айта кеткен жөн. Бұл Қызылжар өңірінің шалғай ше­тін­дегі, авто­жолдары шұрқ-тесік болып жатқан Тимирязев ауда­нының биылғы бюджетінен 3 еседен астам көп. Сондай-ақ бұрынғы Үкіметтің: «Федера­ция­лармен жүргізілген жұмыс нәтижесінде легионерлер санын төрт ойыншыдан екі ойыншыға дейін қысқарту туралы шешім қабылданды», дегені де бос сөз болып шықты. Себебі, жақында еліміздің бұқаралық ақ­парат құрал­дары Футбол федерация­сы жақында әрбір футбол командасына шеттен шақырылатын легионерлер санын 7-ден асырмау жөніндегі лимитті алып таста­ға­нын жарыса жазды. «Жыртыл, қазақ, жыртыл!» дегеннің кері.

 

Серіктес жаңалықтары