Жамбыл облысында футболдан кейін оқушы көз жұмды
Жамбыл облысында полицейлер оқушының өліміне қатысы бар деп күдікке ілінген жасөспірімдерді ұстады, деп хабарлайды Arbat.Media.
12 қыркүйекте Шу ауданына қарасты Көккайнар ауылында футбол ойыны аяқталған соң 10 және 11-сынып оқушылары арасында жанжал шыққан. Жиналған балалар футбол ойнап жатқан, кіші сынып оқушылары үлкендерді жеңіп кеткен. Нәтижеге көңілі толмаған 11-сынып оқушысы 10-сыныптағы жасөспірімді ұрып тастаған.
Оқиға орнына келген дәрігерлер жәбірленушінің алған жарақатынан көз жұмғанын анықтады. Жасөспірімдермен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Баланың өліміне байланысты Балалар құқықтары жөніндегі уәкілдің қатысуымен арнайы комиссия құрылды.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 17 және 16 жастағы екі күдіктіні анықтап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазір істі толық әрі жан-жақты тергеу үшін барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге деректер тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді", – делінген Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.