Жаңаөзенде терапевт-дәрігерді ауруханада өлтіріп кетті
Жаңаөзен қаласындағы ауруханада ер адам терапевт-дәрігерге пышақпен шабуыл жасады. Дәрігер алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Шабуыл жасаған адам кейін өз еркімен полицияға берілді, деп хабарлайды Arbat.Media.
Оқиға туралы журналист әрі қоғам белсендісі Айсұлу Дүтбаева мәлімдеді. Оның айтуынша, қайғылы оқиға 28 қаңтар күні шамамен сағат 14:00-де болған. Дәрігерлер әріптесінің өмірі үшін күресті. Бірақ нәтиже болмады. Маңғыстау облыстық полиция департаменті Жаңаөзенде пышақ жарақатынан 29 жастағы ер адамның қаза тапқанын хабарлады.
«Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал ер адамдар арасында отбасылық мәселелерге байланысты туындаған. Оқиғадан кейін күдікті Жаңаөзен қалалық полиция басқармасына өз еркімен келіп, жасаған ісін мойындады», — деп хабарлады өңірлік полиция департаменті.
Аталған дерек бойынша «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалды.