«Жетісайдағы қайғылы оқиға»: Ауруханадағылардың бірі есін жиды
18 қараша таңертең Жетісай ауданының Алғабас ауылында жеке үйде өрт шықты. Оқиға салдарынан 12 адам қаза тапты, олардың тоғызы - бала. Аманда қалған үш адам қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Arbat.Media.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Зұлпыхар Жолдасов зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты.
"Олардың бірі есін жиды. Үшеуі де – бір отбасының мүшелері: күйеуі, әйелі және қызы. Жағдайлары тұрақты, бірақ әлі де реанимацияда. Денсаулық сақтау министрлігі науқастар жатқан ауруханамен байланыста, қажет болған жағдайда оларды санавиация бортымен Астанаға жөнелтуге дайын", – деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары.
Жолдасов өрт себебін айта алмайтынын, оны тергеу аясында полиция жариялайтынын атап өтті.
"101 нөміріне хабарлама сағат 5:38-де түсті. Алты минуттан кейін оқиға орнына өртсөндірушілер жетті. Олар үш адамды алып шықты, бірақ 12 адамды құтқару мүмкін болмады. Қазір үш зардап шегуші ауруханада", – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, ол әкімдік жақындарына психологиялық көмек көрсетіп, жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қаржылай қолдау жасап жатқанын айтты.
Айта кетейік, 18 қарашада Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам қаза тапты.