Жұмысқа орналастырамын деп алдап, 800 мың теңге алған

22 қараша 2023 20:55 / Новости Казахстана

Атырауда 53 жастағы ер адамнан жұмысқа орналастыру үшін 800 мың теңгені алдап алған күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Полиция департаменті кибер қылмысқа қарсы күрес тобының қызметкерлері әлеуметтік желіде жұмысқа орналастыру үшін жалған жарнама берген күдіктіні анықтаған.

«Күдікті WhatsАpp мессенджері арқылы «Denholm Zholdas» ЖШС-ға жұмысқа орналастыратыны жөнінде жалған жарнама шығарған. Аталған жарнама бойынша 1970 жылғы ер адам WhatsАpp желісі арқылы күдіктімен хат алмасқан. Күдікті ер адамға жұмысқа орналасу үшін алдын ала төлем төлеу қажеттігін айтып, Kaspi Gold қосымшасында тіркелген нөмірді ұсынған. Ер адам сол нөмірге әуелі 500 мың, кейін 300 мың теңгені бөлек аударған. Нәтижесінде 53 жастағы азаматқа 800 мың теңге материалдық шығын келген. Жедел іздестіру іс-шарасы кезінде Kaspi Gold қосымшасына тіркелген нөмірдің иесі анықталды. Ол өз жауабында аталған ақшаны 1990 жылғы күдіктіге бергенін айтты», - деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Қазір күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігі 4-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасы, Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес адамның кінәлі екендігі заңды күшіне енген сот үкімімен танылғанша ол жасалған қылмысқа кінәлі емес деп есептеледі», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

 

Серіктес жаңалықтары