Алматыда +6 балл жер сілкінісін бағалайтын арнайы жүйе әзірленеді

25 маусым 2024 10:08 / Новости Казахстана

Алматы қаласының Сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы мен Төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту орталығы бірқатар бағыт бойынша ынтымақтастықты күшейтеді. Тараптар Алматының даму орталығымен бірлесіп тиісті меморандумға қол қойды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Басқарма басшысы Батырхан Сүлейменов қалада ғимараттарға сейсмикалық аудит жүргізу мен төтенше жағдай кезінде халықтың іс әрекет мәдениетін арттыру бойынша жұмыстың белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтті, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Айтуынша, сейсмоаудит аяқталғаннан кейін 6 балдан және одан жоғары жер сілкіністерінің ықтимал нәтижесін модельдеудің арнайы ақпараттық жүйесі әзірленеді.

«Меморандум Орталық Азия елдерінің қолданыстағы ұлттық жүйесін біріктіру жолымен жер сілкінісінің туындау қаупі туралы ерте хабарлаудың және өзара хабарлаудың өңірлік жүйесін күшейту жөніндегі қызметті шоғырландыруға бағытталған. Сондай-ақ, біз түрлі апаттың қауіп факторын бағалау бойынша халықаралық әдістемелерді бірлесіп енгіземіз», - деді Батырхан Сүлейменов.

Өз кезегінде төтенше жағдайлар және табиғи апаттар қаупін азайту орталығының директоры Серік Әубәкіров бұл келісім барлық мүдделі тараптың күш-жігерін шоғырландыруға және төтенше жағдайдың алдын алу саласына инвестиция тартуға ықпал ететінін жеткізді.

Айта кетейік, Орталық ҚР Сыртқы істер министрлігінде мемлекетаралық орган – халықаралық ұйым ретінде тағайындалған.

Негізгі қызмет – апаттар қаупін азайту, төтенше жағдайдың алдын алу және жою, сондай-ақ климаттың өзгеруіне бейімделу саласындағы өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Бұған дейін мегаполисте жер сілкінісін ескертетін жүйе сынақтан өтіп, алматылықтар президенттік хабарлама алған болатын.

Алматы әкімдігі атап өткендей, Mass Alert жүйесінің SMS-ке қарағанда бірқатар артықшылығы бар. Хабарлама мобильді оператор желісіне қосылған, сондай-ақ жеке таңдалған географиялық аймақтағы барлық абонентке келеді. Сонымен қатар жүйе желілердің шамадан тыс жүктелу жағдайында жұмыс істейді.

Cell Broadcast технологиясының басты артықшылығы — қамту аймағындағы барлық абонентті бірден әрі жаппай ескертеді.

Серіктес жаңалықтары