Елімізде алғаш рет ауыл оқушыларының арасында олимпиада өтеді
Ауыл мектептері оқушыларының республикалық олимпиадасы биылғы қараша және 2024 жылдың қаңтар айлары аралығында алғаш рет өткізіледі, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform жариялады.
Бастама қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған.
«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсыновтың айтуынша, олимпиадаға ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушылары қатыса алады. Мұндағы мақсат – еліміздің шалғай елді мекендеріндегі дарынды және талантты балалардың қабілеттерін анықтап, дамыту, халықаралық олимпиадаларға қатысуға ынталандыру.
«Республикалық олимпиадаларда академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін тапсырмалар әр қатысушыға жеке электронды түрде жіберіледі. Олимпиаданың барлық кезеңдерінде оқушылардың аты-жөні көрінбейді. Әр кезеңнен кейін тапсырмалардың сканерленген нұсқасы, қатысушылардың жұмыстары мен дұрыс жауаптар орталықтың сайтында жарияланады», - дейді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры.