"Сөз таластыру жиіркенішті". Садықовтың мәлімдемесіне Азат Перуашев жауап қатты
ФОТО: Yerzhan Amirkhanov (RFE/RL)
Yerzhan Amirkhanov
Қазақстан жаңалықтары6 қыркүйек 2024, 9:45

"Сөз таластыру жиіркенішті". Садықовтың мәлімдемесіне Азат Перуашев жауап қатты

«Азат Перуашев орынбасарының жемқорлығын жасырып қалмақ». Мәжіліс мандатынан айырылған Асқар Садықов бүгін экс-басшысына осындай жауап қайтарды. Күні кеше ғана Перуашев оның парламенттен қалай кетіп, партиядан не үшін қуылғанын түсіндірген болатын. Партия төрағасының таратқан мәлімдемесі бұрынғы "ақжолдық" мәжілісменнің көңілінен шықпаған. «Лас ойындарға араластырмаңыз» деген Садықов үлкен жемқорлық дерегін бұрынғы басшыларымен байланыстырып отыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Асқар Садықов, Мәжілістің бұрынғы депутаты:

— Мен енді үнсіз қалмаймын. Мені лас ойындарға, манипуляцияға тартпаңыз. Мұндай мәлімдеме партия көшбасшысының деңгейіне сәйкес келмейді. Бірақ Азат Перуашевтың бұған дейін бірнеше рет халықты адастырғанын еске түсіргім келеді. Жалпы бұл азаматтың жұмыс стилі осындай ма деп қалдым. Біреуге уатсап арқылы ұятсыз әңгіме жазу былай тұрсын, менің алты балам бар. Азат Перуашев өзінің орынбасарының жемқорлығын жасырып қалмақ болып, осы ақпаратпен халық назарын басқаға аударды.

Жемқорлық дегені — Ұлттық гвардия бас қолбасшысының орынбасарына қатысты. Генерал күні кеше жеке компаниялардың бірінен «ауызбастырық алды» деген күдікпен қамалған болатын. Ақпараттарға қарағанда, сол компания Перуашевтың орынбасары Дмитрий Васильевке тиесілі көрінеді. Негізі, дау "Ақжол" партиясы төрағасының кешегі мәлімдемесінен кейін ушығып отыр. Перуашев Мәжілістегі әріптесін қыз-қырқынға қырындаудан қолы босамады деп, Садықовтың "сезімге толы хаттарының" бір парасын телеграмдағы парақшасында жариялаған. Садықовтың бүгінгі мәлімдемесіне қатысты мән-жайды білмекке Азат Перуашевтың өзіне хабарласып едік.

Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы:

— Өз пікірімді кеше айттым. Егер оқыған болсаңыз, сол жерде бәрі анық айтылған. Әрі қарай мұндай адаммен сөз таластыру мен үшін жиіркенішті. Ал Васильев бойынша жағдай бізге әлі түсініксіз. Оның адвокаттары кім және мәселенің мәні неде екенін анықтауға тырысып жатырмыз. Ақпарат, әрине, өте маңызды. Бірақ кінәсіздік презумпциясын да ешкім жойған жоқ. Бәлкім алдағы күндері Ұлттық қауіпсіздік комитетіне хабарласып, адвокаты кім екенін анықтауды сұрайтын шығармыз. Әрі қарай солардың мәліметтеріне сүйенетін боламыз.

Халық қалаулысы «қыр соңымнан қалмады» деген бойжеткеннің неліктен бірден құқық қорғау органдарына шағымданбағаны да белгілі болды. Барлығына себеп - депутаттың қолсұғылмаушылық мәртебесі. Сондықтан мандатынан айрылғаннан кейін ғана қыздың құзырлыларға шағымдануға құқығы бар. Десе де, әріптесін қолдау мақсатында кей сенаторлар күлімдеп көзін қысқанның барлығын харассментке теңеуге болмайды дейді. Тек маза бермесе ғана шен, лауазымына қарамай жазалау қажет.

Әлішер Сатбалдиев, Сенат депутаты:

— Депутаттық қолсұғушылық, қандай да бір шектеулердің жоқтығы, ондай дүниені қолдамаймын, өз басым. Әр азамат өзінің жеке басының құқығы тапталып жатса, харассментке ұшырап жатса, кез келген уақытта құқық қорғау органдарына хабарласа алады. Сол арқылы тексеру жүргізілуі керек.

Перуашев пен Садықовтың тартысынан кейін «қызқұмар» деп айыпталған депутатты даттаушылар да, жақтаушылар да көп. Бес қыз өсіріп отырған Садықов 2013 жылдан бастап "Ақ жол" фракциясының мүшесі болып, партияның Ақтөбе облысы филиалының төрағасы қызметін де атқарған. Партия сапында он жылдан аса еңбек еткен оның қазір әріптестерімен де, төрағамен де арасы суып кеткен.

Азат Перуашев Асқар Садықов Мәлімдеме

Тақырыпқа жаңалықтар